Отырар музей қорының бастауы
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығындағы сақталынып жиналған тарихи жәдігерлердің негізі археологиялық заттардан тұрады. Музей негізі алғашқы қаланған кезде негізгі жәдігерлер этнографиялық заттардан құралған болатын. Бертін келе музейдің іргесі нығайған мекеменің негізгі құрылымы археологиялық заттар басымдылыққа ие бола бастады. Оған басты себеп өңірімізде археологиялық ескерткіштердің көптеп орналасуы және 60-жылдардың аяғынан бастап Отырар өңірінде кезеңді археологиялық зерттеу жұмыстарының қарқынды жүргізілумен тура келді.
Музей адам атанған музейдің негізін қалаушы Асантай Әлімов музей жұмысын жандандырудың негізі археологиялық жәдігерлерден тұратындығын жете түсінген. Сол мақсатта мектеп жанынан оқушылардан тұратын археологтар клубын ашып жұмысын жандандырады. Бірінші бастамасы өңірімізде орналасқан тарихи ескерткіштерді аралаудан бастап ескерткіш тарихын білуге үлкен мән берген. Археологиялық қазба жұмыстары басталғанда осы үйірме мүшелерімен қазба жұмыстарына қатыса отырып тарихи жәдігерлермен музей қорын молайтудың алғы шарттарын жасады. Ол кездегі тәртіп бойынша қазба барысында табылған заттардың бәрі Археология институтына апарылатын болған. А.Әлімов табылған заттарды мүмкіндігінше музейге қалдырып музей қорын молайтуға бар жігерін салған.
Сол мақсатта қазба жұмыстарына белсене арласа отырып қазбаның қыр сырына мән бере бастады. Ең алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстарына белсене араласқан ескерткіші Қыркескен жерлеу орындары болатын. Қыркескен қазіргі Темір станциясының солтүстігінде қыратты жерде орналасқан. Табиғи желдің жауын шашынның әсерінен бұзылу процесіне ұшырап жатқан болатын. Ескерткіштің маңыздылығын түсінген А.Әлімов оны қорғау және зерттеу маңыздылығына көңіл бөліп археологиялық мамандардың да назарын аудартты. Белгілі археолог Бекен Нұрмағанбетовтың жетекшілігімен жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысып археологиялық зерттеу жұмыстарының қиыншылығы мен маңыздылығының нәтижесін сезінді. Жерлеу орындарының бірнеше топқа бөлінетіндігін анықтап, жерлеу барысында мәйітпен бірге жерленген көптеген жәдігерлерді тапқан. Саздан жасалған ыдыстар мен жебе ұштарының түрлерін ерекшеліктерін анықтап, бұл ескерткіштің I-IV ғғ. кезеңдеріне қатысты екендігі нақтыланып, осы өңірде өмір сүрген халықтардың тұрмыс-тіршілігінен көп мәліметтер алуға мүмкіндік болды.
Жерлеу орындарының бағыт-бағдарына, мәйіттердің жатқызылу түріне қарай сол кездегі халықтардың жерлеу мәдениеті туралы біраз мәліметтер жинақталды. Керамикалық материалдырды зерттеу барысында қолөнер мәдениетінің өркендеуінің, саз бұйымдардың жасалыну технологиясының алға жылжығандығын көре білген.
Отырар қалашығындағы қазба жұмыстарына қатыса отырып ортағасырдағы қала мәдениетімен танысып қазба материалдарын жинақтауды жалғастырды. Отырар қалашығының құрылыс қабаттарынан табылған жәдігерлерді сараптау ісіне араласа отырып қала мәдениетінің дамуында қолөнердің ерекшелігіне мән берген. Әр ғасыр кезеңдерінде тұрмыста қолданылған заттардың қызметтік функцияларына қарай жіктеп үлкен хумдардың, кіші құмыраларды, сырлы ыдыстар коллекцияларын жинақтай отырып музей қорына алынуын қамтамасыз етті. Сол кезде ескі ғимараттағы музейдің қор сақтау әлеуетінің нашарлығына қарамастан қазба материалдарын жинақтап сақтауда үлкен еңбек атқарды. Музейдің үлкен ғимараты қолданысқа берілгенде жинақталған археологиялық жәдігерлер музейдің экспозиция залына қойылды. Сонымен қатар жаңа ғимараттың қор сақтау әлеуетінің артуымен халық арасында этнографиялық емес археологиялық заттарды көптеп жинап сақтауға мүмкіндік ашылды. Қор сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара отырып тарихи жәдігерлерді жинақтауда асқан жігерлілікпен жұмыс істеді. Археологиялық қазба жұмыстарында табылған көптеген жәдігерлерді музей қорына алып қалуға да үлкен үлес қосты. Осылайша Отырар музей қорының бастауының қалыптасуы мен дамуының басы қасында жүрді.
Досхан ЖҰМАХАНҰЛЫ,
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері.