Шәуілдір мен Шыңғыстаудың арасы һәм Абай еліне саяхат

13

Қартайдық қайғы ойладық ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Телміріп, терін сатпай көзін сатып,

Жұрттың бәрі теп тегіс болды аларман,-дей­ді жарықтық күллі ұлтымыздың төлқұ­жатына, рухани бет бейнесіне айналған хәкім Абай.

Рас «Терін сатпай телмірткен» небір қилы заманнан өттік. Шет жағасын өзіміз де көрдік. Кеңес үкіметінің қабырғасы күйреп көбесі сөгілгенде соған жетпіс жыл бодан болған ірілі ұсақты көптеген мемлекет қатты экономикалық дағдарысқа ұшырады. «Нағыз көзін сатқан» ала қап арқалаған аласапыран заманды да бастан өткердік.

Қара жерге қар жауып,

Қарды көрген бір мұрат.

Қара жерден қар кетіп,

Жерді көрген бір мұрат-деп тағы да сол данышпан «қара шалымыз» айтпақшы тарих тезінде көрмеген азабы мен тозағы жоқ халқымыздың алдынан ақ жарылқан күн туып, «бір мұрат болған» тәуелсіздігімізге де қол жеткіздік. Сөз жоқ бодандық бұғауын үзе келген егемен ел деген баға жетпес ұғым. Дегенмен, «үйлену оңай үй болу қиын» демекші жеке дербес ел болғаныңмен аяққа тұрып өзгелермен терезесі тең ел болу айтуға ғана оңай тірлік.

Ана қырда татар тұр,

Басқалармен қатар тұр.

Ана қырда қазақ тұр,

Жандарында азап тұр,-деп Сұлтанмах­мұд­тың зарлағанындай сол азап­ты, жетіс­пеушілікті серпіп тастау үшін жан-жақты экономикалық тиімді, көреген саясат керек. Соның бірі де бірегейі деп тасын түртсең тарихы сөйлеп қоя беретін ұлан байтақ, тарихи жәдігер ескерткіштерге толы жерімізге әлемнің саяхатшыларын тарту болып тұр. Мұны барды бар деу керек. Өткен экс-президент те қазіргі мемлекет басшысы да қайта-қайта қадап тұрып айтқан болатын.

Ағайынды саяхатшылар

Атақ абыройлары есім-сойы берісі аудан, облысқа танымал Жаппарқұловтарды білмейтіндер кемде кем болар. Пернекең бірнеше мектепті, аудандық оқу бөлімін және аудан әкімінің орынбасары ретінде аудан идеологиясын басқарып үлкен абыроймен зейнеткерлікке шықса, жақында ғана «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған өз ісінің майталманы әрі балуан әрі жиһангез бүгінде дәріхана меңгерушісі туған інісі Бақыт Жаппарқұлов екеуі саяхатқа, білмекке көрмекке құмар­лық­тарымен көпке өнеге болып келеді. Айналдырған үш-төрт жылдың ішінде өмірлік жарларымен бірге Алтайдан Аты­рауға дейін кең көсіліп жатқан шетсіз, шексіз қазақ даласын олайда бұлай аралап өтті. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия да қалған жоқ. Енді міне жақында ғана Бақыт досымыз өмірлік серігі Күнімай екеуі әрбір мұсылманға арман болған қажылыққа барып қайтты. Мұны өмірінің үлкен бір бел-белесі деуге болады. Ара-арасында уақыттарына қарай көкелері Рысқұлбек, Шайырбек, Смайылдар да сапарлас боп тұрады.

Ер көңілді, мәрт мінезді сол досым жақында: «Мәке, Пайғамбар жасы 63-ке келіп жатсыз, өзіңіз талай жазған халқымыздың мақтанышы ақыл ой абыройы – хәкім Абай еліне Семей, Шын­ғыс­тауға барып зиярат жасап қайтайық» деген соң «жазған құлда жан бар ма» дегендей апай-топай жиналып алыс сапарға аттанып кеттік. Жер танабын қуырып, құйындай ұшқан су жаңа шетелдік көлікке жол дегенің сөз болып па? Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын артқа тастап, жер жәннаты Жетісуға аяқ басқан кезде «Жыр құлагері» атанған Илияс Жансүгіровтің:

Жер таппан, жетер саған Жетісуім,

Күркілдек, Көксу, Ақсу, Лепсі, Тентек, Іле, Шуым,-деген өлеңі ойыма орала кеткені. Шынында санап кеп жіберсек «жеті өзен» екен. Гүл жайнаған, ірілі ұсақты ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан нулы, сулы, өзендер, көлдер. Бәрінен өттік. Ұлы Шоқан өте қауіпті Қашқария сапарына аттанғанда осы Тентек өзенінен ат жалдап өтетін еді. Сенімді серігі Қытайда жүрген кезде де өзі мөлдір суына шомылып, құмына қыздырынып өскен Тентек өзенін ылғи да елжірей есіне алып отыратын.

Амансың ба, Абай елі һәм «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қой ма?»

«Үш күндік жолға жас бала барын салды». Естеріңізде болса Мұхтар Әуезовтің: «Абай жолы» роман эпопеясы осылай басталатын еді ғой. Біз де досымыз екеуміз әрбір тау тасы, өзен көлі тарихи шығармадан таныс Семей өңіріне жеткенше барымызды салып келеміз. Осымен менің қасиетті елге екінші рет табаным тиіп отыр. Сөз арасында айта кетейін. Осыдан аттай 36 жыл бұрын Шілік совхозындағы Н.Крупская мектебінде мұғалім болып қызмет еттім. Сонда еден жуатын, тарихтың теперішін көп көрген, «детдомда» өскен Роза деген апай болатын. Сол кейуана бір күні «Мәлікжан сен газеттерге мақала жазып тұрасын ғой. Менің Семейде қалған туыстарымды іздестіріп, газетке жазып берсейші, кім біледі үмітсіз шайтан демекші мүмкін табылып қалар» деген соң сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне «Бір өкішін бір үміт» деген мақала жарияладым. Ол мақаланы Семей облыстық «Семей таңы» газеті көшіріп басып 49 жылдан кейін туыстары табылды. Тілеукен деген сіңілісі, Қаусынбек деген інісі бар екен. Інісі «Бақыршы» деген алтын кенінде бас технолог та, сіңілісі облыстық музейдің басшыларының бірі болып шықты». Жазғы каникулда мектепке келсем Роза апамыздың сіңілісі Тілеукен келіп, кішігірім той болып жатыр екен. Апамыз жылап мандайымнан сүйіп жатыр. Сонда марқұм Момахан ағайымыз завушымыз «Момын, мүсәпір жанды қуантқан адамды Алла Тағала тікелей төнген ажалдан аман алып қалып жасына кемінде он-он бес жыл қосады» деп еді. Кім біледі жеті рет төнген ажалдан құдай қағып тірі қалғаным соның арқасы шығар…

Туыстары шақырып Роза апайымыз екеу­міз аты аңызға айналған Құнанбай қажы­ның, Хәкім Абайдың, Шәкәрім қажы­ның еліне барып қайттық. Бес алты үй қонақ қылып Жидебайдағы Абайдың мұражайын тамашалатты.

Міне, содан бері жүйрік аттай зымырап 36 жыл өтіпті. Бірінші Алланың екінші до­сымның арқасында ордалы да қордалы ұлылар отанына екінші рет табаным тиіп отыр.

Жарықтық-ай! Ұлы ақындар баршылық Пушкин, Лермонтов, Гете, Гейне, Тютчев, Пастернак, Булгаков дейсіз бе бірінен бірі өтеді. Бірақ осылардың ешқайсысы халқы үшін «Мыңмен жалғыз алысып», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп халықаралық дәрежеде нағыз гуманизмге суарылған ой айта алған жоқ.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды дөп сермесем өстермедім,-деп өткен ұлы шайырдың өмірі де ма­мыражай бола қойған жоқ.

Бүлік басы, тобықты,

Әр бәлеге жолықты,-деп демократияны өз руынан бастаған ақын сол халқынан таяқ та жеді. Өзі өлтіре сынаса да халқын өлердей жақсы көрді.

Ұлы ақынның 150 жылдығына орай тұр­ғызылған панно-ескерткіштер галареясы керемет салыныпты. Өзі, туған-туыстары тұтынған көне жәдігерлер Абай рухымен тілдестіргендей әсер алдым десем артық айтқандық емес. Хәкім Абайдың ізі қалған қасиетті өңірдің әрбір тасы, өзен көлі, тау жоталары көзге ыстық көрінеді. Әкесі Құнанбай қажы, аға-інілері Құдайберді, Шәкәрім қажы, Оспан, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның басына Құран бағыштап шықтық. Шәкәрім қажының шежіресінде айтылатын Шыңғыстау біздің Қаратау сынды қасиетті, киелі таулардың бірі.

Айналдырған бес облыстан өткенде бай­қағанымыз бос жүрген ешкім жоқ бар­лық жерде тіршілік қайнап жатыр. ­Мемлекет басшысының алға мақсат етіп қойған саяхат бизнесі де бірте бірте жанданып келе жатқанына көз жеткіздік.

Ә.БЕЛГІБАЙ.