Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар

21

Түркістан қаласының тұрғындарының назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан түрлі шаралар туралы мәләметтерді ұсынамыз. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен қазіргі заманғы жағдайларда оның көріністеріне ықпал ететін негізгі факторларды айқындау қажет. Оның ішінде қазіргі уақытта неғұрлым өзектісі біріншіден, олардың нормалары құқық қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасауға көбіне жағдайлар жасайтын салалық заңдардың жетілдірілмеуі болып табылады. Құқықтанудың қыр-сырын білмейтін азаматтар үшін практикада мұндай заңдардың ережелерін дұрыс түсіну мен тиісінше ұғыну қиынға соғады. Екіншіден, мемлекеттік және корпоративтік басқару ашықтығының жеткіліксіз болуы. Басқарушы шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестері, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер туралы сөз болған жағдайларда әлі де ең жабық процестердің бірі болып қалуда. Үшіншіден, лауазымды адамдардың мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кездегі халықпен тікелей байланысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталуда. Төртіншіден, халықтың, оның ішінде мемлекеттік сектор қызметшілерінің өздерінің құқықтық мәдениетінің деңгейі әлі де төмен, бұл арам пиғылды қызметкерлерге оны пайдакүнемдік, құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді. Бесіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысының және мемлекеттік қызметтегі әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіз деңгейі. Осы Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Стратегияда қолданылатын нысаналы индикаторлар:мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы, қоғамның мемлекеттік билік институттарына сенімі, халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейі және  елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттыру және тиісті халықаралық рейтингтерді, оның ішінде «Transparency International» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі Қазақстанның рейтингін жақсарту. Ал, стратегия міндеттері мыналар:  мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық бақылау институтын енгізу, квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Стратегияның мақсаты мен міндеттері «Қазақстан-2050»  стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдарынан материалдық және материалдық емес игіліктер заңсыз алынады, оның нәтижесінде қоғам мүдделеріне нұқсан келтіріледі және мемлекеттік биліктің беделі төмендейді. Сондықтан мемлекет қызметтік өкілеттіктерді пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану пайдасыз және мүмкін емес болатын шараларды одан әрі қабылдап, жағдайлар жасайды.  Осындай маңызды шаралардың бірі мемлекеттік қызметшілердің тек қана кірістерін емес, сондай-ақ шығыстарын да декларациялау болмақ. Бұдан әрі мұндай декларациялау бүкіл халыққа қолданылады, бұл мемлекеттік қызмет жүйесінде заңдылықты сақтауға және ашықтықты қамтамасыз етуге оң ықпал етеді. Кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауға көшу халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ұлттық заңнамаға дәйекті имплементациялауды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алдын алу жұмысын күшейтудің тағы бір маңызды факторы бағыныстыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін басшылардың жауапкершілігі болып табылады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметте парасаттылықты қамтамасыз ету жүйесін едәуір нығайтады. Жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің көрсеткіші ретінде сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау да алдын алу шараларын қарқындатуға ықпал етеді. Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлықтың деңгейін азайту үшін шенеуніктердің еңбекақысы мен әлеуметтік жеңілдіктерін мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерінің кеңеюіне қарай одан әрі кезең-кезеңмен жоғарылату көзделген. Бұл міндет мемлекеттік қызметшілер еңбекақысының жекеше сектормен салыстырғанда әзірше бәсекеге қабілеттілігі жеткіліксіз екендігін ескере отырып та өзекті бола түседі. Мемлекеттік қызметшілердің сатылмайтындығы және олардың қызметінің ашықтығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының табысты болуының негізі. Сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарттардың бірі шенеуніктің азаматпен тікелей байланысы болуы да болып табылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу рәсімі неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соншалықты төмен болады. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға – өзін өзі реттейтін ұйымдарға кезең-кезеңмен беру бойынша шаралар қабылданатын болады. Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады. Нәтижесінде халыққа электрондық форматта көрсетілетін қызметтердің көлемі өсетін болады, оның ішінде осындай форматта рұқсаттарды беру де қамтамасыз етіледі. Білім беру мен денсаулық сақтауды қоса алғанда, әлеуметтік саланың базалық салаларында тиісті қызметтерді электрондық түрде көрсету сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал етеді.

Қызметтің неғұрлым сыбайлас жемқорлықшыл саласына жататын мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңғыртылатын болады. Нақ осында әрбір төртінші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалады. Ахуалды түбегейлі жақсарту үшін бірыңғай операторды бекіту, тауарларды автоматтандырылған түрде таңдауды енгізу, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді қабылдау рәсімін жетілдіру сияқты шаралар қажет етіледі. Мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде кеден, салық салаларында, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, банк қызметі салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдері барынша автоматтандырылады. «Бір терезе» қағидаты бойынша халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі де кеңейтіледі. Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ашықтық қағидаты түйінді фактор болып табылады, сондықтан да оны енгізу жөніндегі жұмыс тұрақты, жүйелі негізде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы мен қолжетімділігіне мониторинг арқылы жүргізілетін болады.