ӘДЕП – ДІННІҢ ҚАҚ ЖАРТЫСЫ

2

Адам баласы ең әуелі адамгершілік әдебімен көрікті. Әдеп – қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ортада ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін сипаттайды. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп тұрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын , білімнен бұрын келетін құнды қазына.

Әдептілік – адам бойына отбасындағы тәлім-тәрбиемен, өзін қоршаған ортаның қарым-қатынасымен біте қайнаса берілетін қасиет. Ең алдымен әдептілік сәлемнен басталады. Екінші кезекте мінез.                  Ол – кеңпейілділік, жомарттық, адамгершілік, кешірімділік, сабырлық. Сабырлы адам ғана өзіне пайдалы іс беретін шешім қабылдайды, ал сабырсыз адам өзіне зиян беретін жолда жүреді. Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың.

Бұрынғы  ғұламалар   әдеп   туралы   небір   құнды   қанатты сөздер қалдырды.  Мысалы,  «Әдептілік  – арлылық,  әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді» деген қанатты сөздерінде жақсы түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездері жұртқа көрініп жүреді.

Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен  құтылады» –деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге қай адам жау болады, қастасады. Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, ортаны сыйлап тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді, үлгі алады. Қазіргі уақытта жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастарымыз күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни ұстаным мен көзқарас мәселесінде бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қате көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпау, киелі орындарды құрметтемеу.

Негізінде дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді, бастаушысы болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбар (с.а.с.) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайынмен жақыннан араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат» –деген атқа лайық болуы тиіс.

Әдептілік – туа бітті қасиет емес. Ата-анасынан балаға қанмен берілуі мүмкін. Бірақ, көбінесе әдептілік өсе келе бойға даритын қасиет. «Әдепті бала – арлы бала», деген дана халқымыз әдептің бастауы ар-ұят деп білген. Ендеше, баламыз әдепті болсын десек, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлген жөн деп білеміз. Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі. Тұрпайы мiнез, жат қылық — надандықтың белгісі.

Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін немесе өте жақсы көретінін көпшіліктің алдында білдірмейді, бұл басқаларды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін қажетті. Кез келген адам мәдениеті жоғары болған сайын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы сыпайы бола түседі. Қызметтік сала мен ортада әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызбай, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келетін жайттардан аулақ болса мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын мінсіз сақталса, қызметтегі бағалауда және ілгерілеуде оң әсерін тигізері анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адамның басшысы– ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік. Сол себепті әрбір азамат өзін өзгеге үлгімін деп танып, өз бойын түзесе, мәдениеттілік, адамгершілік әдеп нормаларын сақтаса әсері қоғам мен орта үшін орасан зор.

 

 

 Ерсұлтан Ештай

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы