БОЗАРЫҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ
Бүгін Қаратау ауданындағы 10 мыңға жуық халқы бар Бозарық тұрғын алабына газ берілді. Газ құбырының құрылысы 2023 жылы басталған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу барысында газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Газбен қамтамасыз ету мегаполистің экологиясын айтарлықтай жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімі тұрғындарды газды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Бүгінде тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең жүзеге асырылғаннан кейін тағы 700-ден астам абонент көгілдір отынмен қамтылады. Бұл ретте жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда.
Айта кетейік, газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.