Шымкенттің баспана қоры 57 жаңа тұрғын үймен толыға түспек

Шымкент қаласында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде тұрғын үй алу тізімінде тіркелген азаматтардың жалпы саны 53 297 адамды құрайды. Олардың 1 754-ін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 16 503-ін көпбалалы отбасылар, 18 579-ын халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы, 16 438-ін мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, 23-ін жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар құрап отыр. Бұл деректер бізге қаладағы баспана мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 1 000 азаматқа арендалық пәтер беру жоспарланған болатын. Оның 803-і өз иелеріне табысталып, қалған пәтерлер биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
2019 жылдан бері елімізде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы іске асырылып келеді. Аталмыш бағдарлама жастардың өз бетімен өмір бастауына, еңбек етуіне және әлеуметтік жағдайының жақсаруына да үлкен қолдау көрсетіп отыр.
Шымкент қаласы бойынша осы уақытқа дейін 3 849 жас отбасы 5 жыл мерзімге тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Одан бөлек, 2024 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының «2-10-20» және «5-10-20» бағыттары бойынша жеңілдетілген несиелік негізде 1 577 пәтер иелеріне тапсырылды. Бұл жобалар азаматтарға төмен пайызбен, ұзақ мерзімге несие алып, баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әсіресе, табысы орташа деңгейдегі азаматтар үшін мұның тиімді әрі қолжетімді екенін айта кету керек.
Бұйыртса, биыл қалалық құрылыс басқармасы тарапынан 3 592 пәтерлі 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Бұл көрсеткіш – Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен тұрғындарды тұрғын үймен қамту стратегиясының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан жобалар – қала халқының тұрмысын жақсартуға жасалған маңызды қадамдар. Шымкент қаласында тұрғын үймен қамту мәселесінің кезең-кезеңімен шешілуі – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймайды. Сонымен қатар, қала инфрақұрылымының да тұрақты дамуына жол ашатыны сөзсіз.
«Шымкент келбеті»