СПОРТ САҢЛАҒЫНА МАРАПАТ

1

Аудан әкімі Азат Оралбаев пара пауэрлифтингтен Әлем кубогі мен Азия чемпионатының қола жүлдегері мақтанышымыз Қалменов Мұхтар Айтбайұлын арнайы қабылдады.

Кездесу барысында аудан басшысы спортшыға шын жүректен алғысын білдіріп, оның жетістігі тек ауданның ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатқанын атап өтті.

“Ынтымақ пен татулықты ту еткен тұрғындарымыз спорт саласында да зор жетістіктерге жетіп келеді. Сіздің әлемдік деңгейдегі табысыңыз – қажырлы еңбек пен потриотизмнің нәтижесі. Жеңісіңіз – жас ұрпаққа үлгі, елге мақтаныш”, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Қалменов Мұхтар Айтбайұлы – Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округіндегі Темірлан ауылында дүниеге келген. Бастауыш білімін осы ауылдағы мектепте білім алып, кейін Шымкент қаласындағы №4 кәсіптік лицейде «программист-техник» мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда Темірлан ауылындағы аудандық кітапхана жүйесінде қоғамдық жұмыстармен айналысады.

Спорттағы жетістіктері:

Мұхтар Айтбайұлы – пара пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол соңғы жылдары бірқатар ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, зор жетістіктерге жетті.

  • 2025 ж. — Алматы қаласында өткен пара пауэрлифтингтен Әлем кубогі мен Азия чемпионатының қола жүлдегері;
  • 2023 ж. — Ұлыбританияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері;
  • 2023 ж. — Өзбекстанда өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері;
  • 2022–2025 жж. — Пара пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы;
  • Пара пауэрлифтингтен ҚР ұлттық құрамасының мүшесі.
  • Қазақстан Республикасының спорт шебері