«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ» ҚАРСАҢЫНДАҒЫ МӘНІ ЗОР МЕРЕКЕЛІК ШАРА

Қазақстан алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен достықтың, ынтымақтың елі. Мемлекетімізде мұраты мен тілегі бір қаншама ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Еліміздегі татулық пен өзара түсіністіктің символына айналған «1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні» — мерекесі бүгінде түрлі этнос өкілдерінің ынтымағы жарасым тапқан біздің Ордабасы ауданының мәдениет сарайында кең көлемде аталып өтті.
Іс-шараға құрметті меймандар ретінде ауданымыздағы түрлі этнос өкілдері, ақсақалдар, әжелер, ардагерлер және жастар шақырылды. «Темірлан» халық театры және «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры, «Қазақ» биі және «Шаттық» би тобының қатысуындағы «Бірлігіміз жарасқан» композициясымен бастау алған мерекелік шарада алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрниязға берілді.
Әкім орынбасары ынтымақ пен бірліктің, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың, ұлтаралық түсіністіктің маңызына және татулықты сақтауға сүбелі үлес қосып келе жатқан бірегей ұйым «Қазақстан халқы Ассамблеясының» 30 жылдығына орай өткен сессиядағы Мемлекет басшысының тұжырымына тоқтала келіп, жиналған жұртшылыққа жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Концерттік бағдарлама одан әрі аудандық Маслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының Ордабасы ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәтенов Ермекбайдың құттықтау лебіздерімен жалғысып, ҚР Мәдениет қайраткері Ә. Нұрмағанбетов «Айналдым елім» әнін шырқады.
Консерт мерекенің мәніне орай өнерпаздар мен өнер ұжымдарының орындауындағы әр түрлі ұлттардың ән , би, күй сынды туындыларымен толығып, мәдениет үйінің әншілері шырқаған «Бірлігіміз жарасқан» патриоттық әнімен түйінделді.