БАТЫР БАУКЕҢНІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Ел басына күн туған сол бір отты жылдарда менің әкем Қалкенің інісі Бижігіт Раев та қан майданға аттанған еді. Бижігіт көкем 1925 жылы Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында дүниеге келген. Төрт жасынан бастап Бәйдібек ауданындағы нағашысы Райдың қолында тәрбиеленіп, тегі Раев болып жазылып кеткен.
Бижігіт Раев 1943 жылы атақты панфиловшылар дивизиясы сапында неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысты. Генерал И.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясындағы Бауыржан Момышұлының полкінде аға сержант шенінде салт атты байланысшы болды. Калининград майданында, сондай-ақ Прибалтика майданында фашистерге қарсы соғысты. Сол жылы ауыр жараланып, госпитальда емделген соң өз полкіне қайта оралды. 1944 жылы Мадоны қаласы түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, тағы да госпитальге түседі. Жазылған соң тағы да өз полкіне оралады. 1945 жылы сәуір айының ортасында Салдус қаласындағы ұрыста жау оғынан жарақаттанып, дала госпиталінде сол қолынан шынтағына дейін айырылды. Жеңісті Мәскеудегі госпитальда қарсы алды. Қаһармандығы үшін «Қызыл Жұлдыз», III дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», тағы басқа да әскери мерекелік медальдармен марапатталған.
Елге қайтқан соң көкем өз теңін тауып, Зурахан Шәкиқызына үйленді. Айкүміс, Сәуле, Еркінбек есімді ұл-қыздары дүниеге келді. Шымкенттегі есепшілер курсында оқыды. Оны бітірген соң қазіргі Бәйдібек ауданының «Алғабас», «Шалдар» кеңшарларында, Бөген ауданының №2, кейіннен Қ.Сыпатаев атындағы мақта, «Октябрь» жеміс-шарап кеңшарларында, шарап зауытында есепші, аға есепші қызметтерін атқарды. Ол жастардың ақылшысы, кеңшарда ұйымдастырылған ұлағатты істердің ұйытқысы бола білді. 1986-1988 жылдары кеңшар мұрағатында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. 1995 жылы дүниеден озды. Егер тірі болғанда көкем биыл 100 жасқа толар еді. Қазіргі таңда ұлы Еркінбек қарашаңырақта көкеміздің немере, шөберелерін өрбітіп отыр.
Бауыржан Момышұлының екінші дүниежүзілік соғыстағы майдандас серігіне 1967 жылы шілде айында Алматыда Баукеңмен дастарқандас болу бақыты бұйырды. Сол жылы баспадан енді шығып, сиясы әлі кеппеген «За нами Москва» кітабын Баукең өз қолтаңбасын жазып Бижігіт көкеме сыйға тартқан болатын.
1985 жылы мамыр айында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл толуына орай Ордабасы ауданынан төрт кісі болып, арнайы шақыртумен Мәскеуге кездесуге аттанды. Олар Мәскеу түбіндегі «Волоколамск тас жолындағы» қантөгіс шайқасқа қатысқандар – Бижігіт Раев, Садықбек Байжанов, Таңатар Қайыпов және Ұзақбай Бейсенов еді.
Біздің көкеміз осы кездесу кезінде Қазақстаннан барған және Орта Азия елдерінен жиналған майдандас достарын келер жылғы Жеңіс мерекесін өз ауылында тойлауға шақыра келеді. Келесі жылы жиналған көкемнің қонақтарын бүкіл ағайындар мен кеңшар, аудан басшылары күтіп алды. Осы жолы көкеме жеңіл көлік сыйға тартылды. Кейінірек Қарақұм ауылдық округінде өзі тұратын көшеге аты берілді.
Соңғы кездері көкемді еске алғанда сұрапыл соғыстан аман оралып, елге қызмет еткен көкеміздің атына тек көше емес, ауылдағы Қарақұм мектебінің атын берсе де артық болмас еді- ау деп ойлаймын.
Ахан ҚАЛКЕЕВ,
зейнеткер.