ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ 800-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Қала аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген тазалық шарасына Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері белсене атсалысты. Бір қарағанда сенбілік — жай ғана тазалық жұмысы. Алайда оның артында үлкен тәрбиелік, әлеуметтік, рухани мән жатыр. Сенбілік кезінде адам өз ауласын, көшесін, мектебін, паркін тазартуға, көгалдандыруға қатысады. Бұл арқылы ол өзінің туған жеріне, қоғамына пайдалы іс жасап жатқанын сезінеді. Ал бұл — патриотизмнің алғашқы және ең қарапайым көрінісі.
Жалпы саны 800-ден астам тұрғын сенбілікке қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарына 15 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында экологиялық тұрғыдан маңызды саналатын 18 учаске қамтылып, оның ішінде Водоканал маңы, Б.Майлин көшесі, Қалалық балалар ауруханасының аумағы, 160-квартал және Бекзат секторы сияқты аумақтарда санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алдын ала белгіленген аймақтарда шөп шабу, жаяу жүргіншілер жолдарын сыпыру, тұрмыстық және табиғи қоқыс қалдықтарын жинау сияқты жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, арнайы полигондарға жеткізілді. Сонымен қатар, А.Жангелдин, Б.Майлин, С.Жандосов көшелерінде де санитарлық тазалау іс-шаралары ұйымдастырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Президент қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өткен болатын. Бұл акция тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу мақсатында ұйымдастырылуда. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбіліктерге қатысып, ағаш отырғызған болатын. Президентпен бірге сенбілікке волонтерлер, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, еліміздің ғылым, креативті индустрия, мәдениет, спорт салаларындағы белсенді жастар және алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері атсалысып, ағаш көшеттерін еккен болатын.