ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ UNITED GLOBAL LLC ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН БІРЛЕСКЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан облысы халықаралық бизнес қауымдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатуда. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Дубайда орналасқан халықаралық құрылыс және инвестициялық компания United Global LLC президенті Фуад Наср арасында кездесу өтті. Тараптар өңірде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық даму жоспары және құрылыс саласындағы серіктестік мүмкіндіктері қарастырылды. Әкім өз сөзінде Түркістан өңірі шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды алаң екенін атап өтті.
– Түркістан облысы – тек мәдени-тарихи емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да дамушы өңір. Түркістан облысы – Қазақстандағы уран өндірісінің негізгі өңірі. Ал еліміз әлемде уран өндірісі бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарда. Облысымыз табиғи ресурстарға бай, аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Туризм, оның ішінде экотуризм де қарыштап дамып келеді. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық инфрақұрылым мен әкімшілік қолдау тетіктері қарастырылған. Біз халықаралық серіктестікке әрдайым ашықпыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында United Global LLC басшылығы Түркістан облысындағы инвестициялық ахуалды оң бағалап, өңірмен әріптестік орнатуға, сондай-ақ тұрғын үй, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және қонақүй бизнесі бағытындағы жобаларды қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Түркістан облысы мен United Global LLC компаниясы арасындағы бұл серіктестік арқылы өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестициялық тартымдылық одан әрі арта түспек. United Global LLC – халықаралық деңгейде беделге ие құрылыс және жобалық басқару компаниясы. Компания Crowne Plaza Batumi (Грузия), Torch Tower және Sofitel Palm Jumeirah (Дубай), Hamad Hospital (Катар) сияқты ірі жобаларды сәтті жүзеге асырған.
Әлемдік құрылыс саласында мол тәжірибесі бар бұл компания инфрақұрылым, әкімшілік, тұрғын үй, денсаулық сақтау және коммерциялық нысандар құрылысына маманданған. Жоғары стандарттарға сай, технологиялық тұрғыда озық шешімдер ұсыну арқылы, әлемнің бірнеше елінде сенімді мердігер ретінде танылған. Қазіргі таңда компания инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы саласында Орталық Азия нарығына шығып, Қазақстандағы жаңа жобаларды іске асыруға ниетті.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және нақты инвестициялық жобаларды пысықтау жөнінде уағдаласты.