ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

13

«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен қала аумағында қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдаудың басты мақсаты – халыққа жақын болу, құқықтық сауаттылықты арттыру және көмекке жүгінген азаматтарға кедергісіз қолдау көрсету.

Шара барысында азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, әсіресе жер дауы, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және күнделікті өмірде жиі туындайтын басқа да мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде, Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының отбасылық – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторлары тұрғындарға қабылдау жүргізіп, қоғамдық тәртіп пен отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыты бойынша құқықтық көмек көрсетті.

Кездесуге қатысқан тұрғындардың бірі түнгі уақытта аулаларда тыныштықты бұзатын кәмелетке толмағандарға қатысты бақылауды күшейтуді сұрады. 30-дан астам тұрғындарды қабылдаған полиция инспекторы құқық қорғау орган қызметкерлерінің тұрғындармен кездесудегі негізгі мақсаты құқықтық нормативтерді түсіндіру және оқиғаға құқықтық тұрғыдан баға беру екендігін атап өтті.