ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Ішкі нарықты қорғау және ішкі нарықта қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі. Белгіленген талаптарға сай келмейтін өнімдер импортының тұрақты өсу тенденциясы елеулі алаңдаушылық туғызады. Түркістан облысында тек тамақ өнімдері ғана емес, сонымен қатар азық-түлік емес тауарлар да бақылауға алынған. Олардың қатарында жиі өрт тудыратын кабельдік өнімдер, электр аспаптары, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер бар.
Биыл жалпы мемлекеттік бақылаумен 184 субъект қамтылып, 9 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Тексеру іс-шараларының 92%-ы профилактикалық сипатта және қашықтықтан жүргізілген. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен ішкі нарықты арзан және сапасыз импорттан қорғау мәселелері жөніндегі ахуалдық штабтың екінші отырысында баяндалды. Штаб отырысына жауапты сала өкілдері, сондай-ақ өнімнің транзитін, кедендік-тарифтік реттеуді, кедендік декларациялауды тікелей бақылауды жүзеге асыратын және Республиканың ұлттық мүдделерін нақты және ықтимал қатерлерден қорғау бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 9 мәселе қаралды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары ішкі нарықтың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, қоғамдық ұйымдардың және тұтынушылардың қатысуы қажет екенін тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Шекара маңындағы өткізу пункттерінде ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды үздіксіз жүргізуді қамтамасыз етуді міндеттеді.
Жиында Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асет Туребаев ахуалды штабтың бірінші отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы және мемлекеттік бақылау қорытындылары туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Департамент тарапынан «QazCem» бірлестігінің арызы бойынша Өзбекстанда шығарылған цемент өніміне берілген жалған «сұр» сәйкестік сертификаты мәселесі бойынша тиісті іс-шаралар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін Өзбекстанда шығарылған «CONCH» маркалы цементіне қатысты Жетісай және Сарыағаш аудандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Екі жағдайда өнімді жалған сәйкестік туралы сертификатымен сатылып жатқандығы анықталды. Нәтижесінде, 2 жеке кәсіпкерге жалпы сомасы 920088 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және 3577 дана цемент өнімін айналымға шығаруға тыйым салу шараларын қолдану туралы қаулылар шығарылды. Жалған сәйкестік сертификаты бойынша тауарды жеткізушіге қатысты Шымкент полициясына өтініш жолданып, қазіргі таңда қылмыстық іс қаралуда.
Сонымен қатар ішкі нарықты қауіпті құрылыс өнімдерінен қорғау туралы Қазақстанның тас өңдеу саласының Одағы «Qazaq Stone» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дәурен Ағзымов мәлімет берді. Қазақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы «QazCem» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ербол Ақымбаев ішкі нарықты қауіпті құрылыс өнімдерінен қорғау туралы баяндады.
Одан бөлек, штаб отырысында әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі жеделсаты және ойын-сауық аттракциондарының қауіпсіздігі, цемент және табиғи тастан жасалған бұйымдарды Түркістан облысының аумағына жеткізу жайы сөз болды. Сондай-ақ, шекара маңындағы өткізу пункттерінде ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ету, тауарлардың заңнамада белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растайтын жалған құжаттарды анықтау фактілері жөнінде кеңінен талқыланды.
Ахуалдық штаб жұмысында көтерілген сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жауапты мемлекеттік мекемелерге жолданады.
Айта кетейік, былтыр ішкі нарық, отандық өндірушілер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілген болатын. Бұл жобаны іске асыру тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың қоғамдық бақылау құралы арқылы жүзеге асырылады.