МАҚТААРАЛДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

2

Түркістан облысында мәдени нысандардың қатары артып келеді. Соның бірі – Мақтаарал ауданында тұрғындар үшін тағы бір маңызды әлеуметтік нысан – пайдалануға берілді. Бұл – ауылдық жерлерде мәдениет пен білім ошақтарын дамыту бағытындағы игі істердің нақты көрінісі.

Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округіне қарасты Ж.Қалшораев елді мекенінің тұрғындары үшін жаңа мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы толық аяқталып, салтанатты түрде ашылды.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады.

– Мәдениет үйі – ауылдың рухани дамуына үлкен серпін береді. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлерді өркендету, мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының орындалып жатқанын білдіреді. Енді ауыл жастары мен өнерпаздары өз таланттарын шыңдайтын, кітап оқып, білімін жетілдіретін заманауи ортамен қамтамасыз етіледі, – деді аудан басшысы.

Жобаның құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-гі жүзеге асырған. Құрылыс Мақтаарал ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырмасы аясында жүргізілді.

Жалпы құны 743,5 миллион теңге болатын жоба аясында бой көтерген екі қабатты мәдениет үйі 200 адамға арналған. Ғимаратта кең көлемді көрермендер залы, бірнеше қызметтік кабинет, сондай-ақ, заманауи талаптарға жауап беретін кітапхана залы орналасқан.

Ғимараттың жалпы алаңы 709,72 шаршы метрді, ал оған тиесілі жер телімі 1,2720 гектарды құрайды. Бұл – болашақта нысан аумағында қосымша мәдени шаралар өткізуге, ауланы абаттандыру мен кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа мәдениет үйі – тек сахналық өнердің ғана емес, ауыл тұрғындарының бас қосатын, ұлттық салт-дәстүр мен өнерді насихаттайтын орталық болмақ. Бұл нысан ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін арттырып, түрлі үйірмелердің, концерттердің, семинарлар мен кездесулердің ұйымдастырылуына жағдай жасайды. Сонымен қатар кітапханасы да ауыл тұрғындарының білім көкжиегін кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдерге оқу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.