ШЫМКЕНТТЕ ЕСІРТКІНІ ЖАСЫРЫН ТЫҒУ ӘДІСІ БОЙЫНША ӘЛЕУМЕТТІК ЭКСПЕРИМЕНТ ӨТТІ

25

Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Esbol Qory» фондының белсенділері қаладағы тұрғындар көп шоғырланатын орындарда ерекше әлеуметтік эксперимент жүргізді. Полицейлер құрамында есірткі заттары бар деп ойлауы мүмкін объектіні қауіпсіз үлгі ретінде дайындап, оны әдеттегіден тыс – арнайы зип-пакетке салып, қолжетімді орындарға жасырын орналастыру арқылы тұрғындардың реакциясын, хабарлау мәдениетін және қоғамдық жауапкершілігін тексерді. Шынайылық әсерін күшейту үшін пакеттің сыртқы көрінісі мен орналастырылған жері есірткі заттары жиі кездесетін «қолайлы» нүктелерді еске салатындай таңдалды. Дегенмен ішіне нақты есірткі емес, тұрмыстық мақсаттағы ас содасы салынып, толық қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Эксперимент барысында кейбір жасөспірімдер де күдікті пакетті байқап қалып, бұл жайт олардың да назарынан тыс қалмайтынын көрсетті.

Әлеуметтік тәжірибенің басты мақсаты – тұрғындар арасында есірткіге деген иммунитет қалыптастыру, күдік туындаған жағдайда үнсіз қалмау, қауіпсіздік қаупін төмендету үшін дереу құқық қорғау органдарына хабарлау мәдениетін нығайту.

Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – есірткіге тәуелділік. Бұл дерт тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның қасіретіне айналып отыр. Есірткі адам денсаулығын ғана емес, оның болашағын, арманын, отбасын және өмірін де жойып жібереді. Сондықтан әрбір саналы азаматтың ұстанымы айқын болуы тиіс: «Есірткіге жол жоқ!»

Есірткіге бір рет қызығып көрген адам оның құрбанына айналуы оңай. Ал тәуелділікке түскеннен кейін адам өз өмірін толықтай бақылаудан айырылады. Есірткі адамның жүйке жүйесін бұзады, есте сақтау қабілетін төмендетеді, мінез-құлықты өзгертеді. Көп жағдайда мұндай адамдар қылмыс жасауға, өтірік айтуға және алдауға барады. Ақыр соңында олардың өмірі қайғылы аяқталады.

Жасөспірімдер көбіне құрбы-құрдастарының әсерімен, қызығушылықтан немесе өмірлік қиындықтардан қашу мақсатында есірткіге бет бұрады. Ақпараттың аздығы мен бақылаудың әлсіздігі де осы мәселеге себеп болады. Сондықтан жастар арасында түсіндіру жұмыстары мен тәрбиелік іс-шаралар өте маңызды.

Есірткіге қарсы күрес тек полицияның не дәрігердің міндеті емес. Бұл – әр ата-ананың, әр мұғалімнің және әрбір азаматтың ортақ ісі. Балаларды бос уақытын тиімді өткізуге, спортқа, өнерге, оқуға баулу – олардың теріс жолға түспеуіне көмектеседі.

Мектептер мен колледждерде «Есірткіге жол жоқ», «Салауатты өмір – сенің таңдауың!» атты акциялар мен кездесулер өткізілуі керек. Мұндай шаралар жасөспірімдерге өмірдің бағасын ұғындырып, дұрыс жолды таңдауға ықпал етеді.

Есірткі – өмірдің жауы.
Есірткіге қарсы күрес – ел болашағын қорғау.

Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, пайдалы әдеттерді қалыптастыру – міне, нағыз еркіндіктің, нағыз бақыттың кілті.
Әрқайсымыз өз орнымызда есірткіге жол бермесек, болашағымыз жарқын болары сөзсіз.