135 ИНВЕСТОРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жұмыстарын жүргізіп отыр. Биыл Шымкент қаласы прокуратурасы тарапынан 22 өзекті мәселе шешімін тауып, 135 инвестордың құқығы қорғалған. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ белсенді жұмыс атқарып отыр.
Кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауда атқарылғын жұмыстар мен бірқатар мәселелер дөңгелек үстелде талқыға түсті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, қала прокуроры Ғабит Мұқанов, кәсіпкерлер қатысты.
Шымкент қаласы – бизнес жүргізуге қолайлы өңір. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 15,3 млрд теңгесі республика қазынасынан, 4,7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан әртүрлі преференциялар көрсетіліп отыр. 2025 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілер саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан.
Қала прокуроры Ғ.Мұқановтың айтуынша, прокуратура органының өкілдері кәсіпкерлердің құқығын қорғауға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге айрықша мән беріп отыр. Ал, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстар, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры С.Адамбекова кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытындағы шараларды баяндады. Іс-шарада қала кәсіпкерлері де өз ұсыныстарын айтты.
Жиын соңында бірқатар азаматтар қала прокурорының Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, жиын кәсіпкерлермен бірлесе өзара сенімді диалог орнату, проблемаларды бірлесіп шешу, инвестиция саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылды.
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»