ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жаңа әлеуметтік дүкен ашылды.
Әлеуметтік дүкендер жобасы тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығын сақтау және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Жоба аясында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалып, дүкенге 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жеткізілуде. Сонымен қатар «Ордабасы құс», «Ордабасы нан», «Бөрте Милка», «Инфрастрой ЛТД» ЖШС сияқты жергілікті кәсіпорындармен де әріптестік орнатылған.
Аталған кәсіпорындардың өнімдері дүкен сөрелерінде өндіруші бағасымен, яғни нарықтағы бағадан шамамен 20 пайызға төмен сатылуда.
Айта кетейік, аталған әлеуметтік дүкенде 18 түрлі азық-түлік өнімі қолжетімді бағада ұсынылған. Мысалы, 10 дана жұмыртқаның бағасы 450 теңге болса, 1 келі ұнның бағасы – 190 теңге. Сонымен қатар күріш (1 кг) – 350 теңге, картоп (1 кг) – 130 теңге, пияз (1 кг) – 65 теңге, сәбіз (1 кг) – 110 теңге, 1 литр сұйық май 610 теңгеден сатылуда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында тұр.