ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ САБЫР САҚТАУ – ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДА

Күнделікті өмірде кез келген адам күтпеген төтенше жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай сәттерде ең маңыздысы – үрейге бой алдырмай, сабыр сақтау және дұрыс әрекет ету. Төтенше жағдай орын алған кезде ең алдымен 112 нөміріне қоңырау шалып, жағдайды нақты әрі анық баяндау қажет.
Біртұтас кезекші-диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді және азаматтардан түскен әрбір хабарламаны жедел қабылдайды. Мамандар төтенше жағдайдың сипатына қарай тиісті қызметтерді – өрт сөндірушілерді, жедел жәрдемді, полицияны немесе құтқарушыларды бірден оқиға орнына бағыттайды.
Сондықтан оқиға кезінде уақыт жоғалтпай, қажетсіз әрекеттерге бармау – өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін сақтаудың ең тиімді жолы. Әрбір азамат 112 бірыңғай нөмірінің барлық төтенше жағдай түрлері үшін арналғанын есте ұстауы керек. Қауіпсіздік ережелерін білу және оны күнделікті өмірде қолдану – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Сабырлы әрекет пен жедел хабар беру талай адамның өмірін аман сақтап қалуы мүмкін.
Төтенше жағдай – адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және мүлікке үлкен қауіп төндіретін, қалыпты өмірді бұзатын жағдай. Мұндай жағдайларға жер сілкінісі, өрт, су тасқыны, дауыл, апаттар және техногендік төтенше оқиғалар жатады. Сондықтан әрбір азамат төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі тиіс.
Төтенше жағдай кезінде ең маңыздысы – сабыр сақтау және дүрбелеңге берілмеу. Алғашқы сәттерде жағдайды бағалап, өз өмірің мен жақындарыңның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Егер табиғи апат немесе өндірістік апат орын алса, құтқару қызметтерінің (112) нұсқауларын орындап, қауіпті аймақтан тез арада шығу керек.
Үй ішінде болған жағдайда электр құралдарын, газды сөндіріп, қажет болса, жылы киім мен құжаттарды алып, қауіпсіз жерге көшу қажет. Ал ашық далада болсаңыз, биік ғимараттардан, ағаштардан және электр желілерінен алыстаған жөн.
Егер жарақат алған адамдар болса, алғашқы көмек көрсетіп, медициналық қызмет келгенше күтуді ұмытпаған дұрыс. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде ақпараттың шынайылығына назар аударып, тек ресми көздерден алынған хабарламаларға сену керек.
Мектептер мен ұйымдарда төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге арналған оқу-жаттығулар өткізу маңызды. Мұндай дайындық адамдардың дұрыс шешім қабылдап, өз өмірін қорғауға үйретеді.
Қорытындылай келе, төтенше жағдай кез келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан әр адам қауіпсіздік ережелерін біліп, алдын ала дайын болуы тиіс. Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі, ал қауіпсіздік – әр адамның өз қолында!








