«ІШІМДІКСІЗ АУЫЛ» ЖОБАСЫ ЖИДЕЛІДЕ ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Шымкент қаласында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы «Ішімдіксіз ауыл» жобасы өз тиімділігін көрсетуде.
Жуырда қалалық полиция департаменті мен жергілікті полиция басқармасының өкілдері Жиделі елдімекенінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары жергілікті белсенді тұрғындармен бірге дүкендерді аралап, спирттік ішімдік сатуды тоқтату арқылы елдімекендегі қоғамдық тәртіпті сақтау маңызын түсіндірді.
Бастаманы қолдаған дүкен иелері лицензиялары бола тұра ішімдік сатпауға келісім берді. Бұл шешім – қоғам қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Қала әкімдігі мен полиция қызметі алдағы уақытта да ішімдіксіз аймақтарды көбейтіп, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жалғастыратын болады.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Қазіргі қоғамда денсаулықты сақтау және зиянды әдеттерден аулақ болу маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Соның ішінде ішімдікті көп тұтыну адам өміріне, қоғамға және ұрпаққа кері әсерін тигізеді. Сол себепті Қазақстанда «Ішімдіксіз ауыл» жобасы қолға алынды. Бұл жоба ауыл тұрғындарын ішімдікпен күресуге шақырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
«Ішімдіксіз ауыл» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау, отбасылық және қоғамдық қатынастарды жақсарту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау. Жоба аясында тұрғындар арасында түрлі мәдени, спорттық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, халыққа психологиялық кеңестер, семинарлар және тренингтер өткізіліп, ішімдікпен күресудің тиімді жолдары түсіндіріледі.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – ауылдағы жастар мен балалардың денсаулығын нығайту, олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру және салауатты өмірге бейімдеу. Жобаны жүзеге асыру барысында әрбір азаматтың жауапкершілігі артады, өйткені әркім өз өмірі мен отбасының денсаулығына мән береді.
Қорыта айтқанда, «Ішімдіксіз ауыл» жобасы – қоғамның дамуына, халықтың денсаулығын жақсартуға және келесі ұрпаққа салауатты өмір салтын жеткізуге бағытталған маңызды бастама. Ауыл тұрғындарының жауапкершілігі мен жобаны қолдауы – оның табысты жүзеге асуының кепілі болып табылады.
Сау және мәдениетті өмір – әр адамның қолында!








