«SHanyraq» оралығында көп балалы аналар тегін курстарға қатысуда
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығында
көпбалалы аналарға қолдау ретінде түрлі бағыттағы курстар мен балаларға арналған тегін үйірмелер қызмет көрсетеді.
Атап айтқанда аналар кондитерлік өнім әзірлеу мен тігіншілікке үйренсе, балаларға бос уақыттарын пайдалы өткізу мақсатында шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, каратэ, ағылшын тілі, математика курстары ұйымдастырылған. Игі іс жуырда орталық пен «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қоры арасындағы өзара меморандум аясында жүзеге асырылуда. Тігіншілік сабағына қазіргі таңда 14 әйел қатысуда. Курс 45 күнге созылады. Қыз-келіншектер аптасына 3 рет 3 сағаттан оқиды.
Солардың бірі — көп балалы ана Динара Сариева. Қазіргі уақытта ол тігіншілік курсына қатысып жүр. Дәріске мүмкіндігі шектеулі ұлын өзімен бірге ертіп барады. Бүлдіршін шахмат пен ағылшын тілі курсына қатысуда.
— Тегін курста оқып, өзіме алдағы уақытқа жоспарлар құрып отырмын. Қандай қиындықтар болса да талпынып, қарекет қылу керек деп ойлаймын. Мұнда баламның дамуына да жағдай жасалынған. Курсты тәмамдаған соң кәсібімді ашқым келеді, -дейді 5 баланың анасы.
«SHANYRAQ» орталығының мақсаты- аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көп балалы аналарға кәсіпкерлік жөнінде бағыт-бағдар беру, қысқа мерзімді курстарға қатыстырып, жұмысқа бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру.
Сондай-ақ орталық мамандары психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес береді.
Осыдан бір жыл бұрын ашылған орталықта күні бүгінге дейін 9 жарым мыңнан астам аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, түрлі бағытта қызмет көрсетіліп, ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан қызметтерін алу мәселелері бойынша көмектер ұсынылған. Көп балалы аналардың қатысуымен 149- кездесу, оның ішінде 13 бизнес-тренинг, 24- психологиялық – тренингтер өткізілді.
Жалпы, Шымкент қаласында 49 405 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны – 15 361.