КЕЛЕСТЕ 2 МЛРД ТЕҢГЕЛІК САУДА ҮЙІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Келес ауданында қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – Абай ауылындағы жаңа Сауда үйінің құрылысы басталды. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын нысанды жеке кәсіпкер Төрехан Алдияр жүзеге асыруда.
Жобаға сәйкес, заманауи форматтағы көпфункционалды сауда кешені салынып, оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Нысан пайдалануға берілген соң 350 адамға дейін тұрақты жұмыс орны ашылып, Абай ауылының әрі жалпы Келес ауданының қызмет көрсету инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.
Қазіргі таңда Сауда үйіне арналған 0,83 гектар жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертіліп, нысанның эскиздік жобасы дайындалған. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, қажетті инженерлік және техникалық талаптарды қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.
Жамбыл көшесінен бой көтеріп жатқан бұл Сауда үйі – Келес ауданында 2026-2030 жылдары іске асырылатын алты негізгі инвестициялық жобаның бірі. Жоба өңір экономикасына жаңа серпін беріп, жергілікті халықтың сауда және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталып отыр.








