АУДАН ӘКІМІ ЖЕҢІМПАЗ БОКСШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан мерейін асқақтатып жүрген жас спортшыларымыз, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Азия чемпионатының алтын жүлдегері Даниял Шалқарбай Нұрланұлы, бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мен Азия ойындарының алтын жүлдегері Нұрмахан Жұмағали Нұржанұлы, сондай-ақ бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпазы, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мырсабит Арман Болатбекұлын қабылдап, олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жеңістерімен құттықтады.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, жас спортшыларды тәрбиелеп отырған бапкерлерге алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
Айта кетейік, биылғы жылы Қазығұрт ауданының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жалпы саны 67 алтын, 74 күміс және 86 қола медаль еншіледі. Бұл көрсеткіш аудан спортындағы жүйелі жұмыстың, мемлекеттік қолдаудың және спортқа деген ерекше көңілдің нәтижесі екені сөзсіз.
Кездесу соңында аудан әкімі спортшыларға алдағы додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.








