ТЕМІРЛАН ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМЫ КӨРЕРМЕНДІ СҮЙСІНДІРДІ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде ерекше шығармашылық рухқа толы, мерейлі сәтке айналған мәдени шара өтті. Режиссер Перизат Баймаханованың жетекшілігіндегі аудандық мәдениет үйі өнерпаздарынан құралған Темірлан халық театры көрермендерге көптен күткен жаңа қойылымын ұсынды. Драматург Оразбек Бодықовтың жеңіл юмор мен шынайы тұрмыстық жағдайларды шебер үйлестірген «Ойбай, күйеу керек» атты комедиялық қойылымы бүгін алғаш рет сахналанып, премьерасын өткізді.
Залға жиналған көрермендер алғашқы минуттардан-ақ оқиға желісіне еріп, актерлердің орындаушылық шеберлігіне тәнті болды. Әр кейіпкердің дара бейнесі, түсінікті әрі тартымды сюжет, режиссердің сахналық шешімдері — көрермендер көңілінен шықты. Театр ұжымы өздерінің жоғары кәсіби деңгейін тағы да дәлелдеп, аудан мәдениетінің көркем дамуына үлес қосты.
Премьера соңында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз театр ұжымының еңбегін ерекше атап өтіп, аудан әкімі Азат Оралбаевтың атынан Алғыс хат пен ықылас гүлін табыстады. Бұл шығармашылық ұжымға көрсетілген үлкен құрмет болумен қатар, аудан өнерінің өркендеуіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды.
Атап өтерлігі Темірлан халық театрының бүгінгі жетістігі режиссер Перизат Баймаханованың ұзақ жылдық тынымсыз еңбегімен тікелей байланысты. 1993 жылдан бері Ордабасы аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келе жатқан ол 2001 жылдан бастап театрға жетекшілік жасайды. Әр жылы бір комедиялық және бір трагедиялық қойылым қоюды дәстүрге айналдырып, театрдың тұрақты шығармашылық тынысын қалыптастырған тәжірибелі режиссер.
Ол – облыстық «Ең үздік режиссер» номинациясының, О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының жүлдегері, облыс әкімі стипендиясының иегері. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі бірнеше байқаулардың лауреаты атанған.
Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Жылдың үздік мәдениет қызметкері», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Тәуелсіздігінің «30 жылдығы» медалі секілді марапаттармен мойындалған. 2024 жылы Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай оған қайтадан «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалі табысталды.








