ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

4

Сарыағаш ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жүйелі жобалар іске асырылуда. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіндегі құрылыс нысанында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін бақылады.

Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс қарқынын арттырып, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкіміне әр жобаның орындалу барысы туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеді.

— Елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді аудан әкімі.

Бүгінде магистралды газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жоба аясында Тасқұдық елді мекені маңынан Қарақалпақ және Шайхана елді мекендеріне тартылатын жеткізуші газ құбырының қосылу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда табиғи газ құбырының 25 пайызы тартылып үлгерген.Табиғи газ құбырының жалпы ұзындығы- 49,957 шақырым. Мердігер мекеме: «Ынтымақ-ОК» ЖШС- тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тапсырыс беруші: «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ.