САРЫАҒАШ: “ӨНДІРІСТІК ПАРК” ЖОБАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Сарыағаш қаласының кіреберіс аумағында жаңа “Өндірістік парк” жобасының құрылысы басталып, қазіргі таңда қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы көлемі 6,5 гектар аумақта іргетас құю, жерді тегістеу және инженерлік-инфрақұрылымға арналған дайындық жұмыстары атқарылуда. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс орнына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар өндірістік нысандардың салынуына кәсіпкерлердің белсенді түрде атсалысуы жоспарланған. Жобаның орындалуына бақылау жасау міндеті аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелді.
Айта кетсек, “Өндірістік парк” жобасы – ауданда шағын және орта бизнесті қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қолға алынған маңызды бастама. Жоба аясында түрлі өндіріс орындарын орналастыру жоспарланып, кәсіпкерлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын өндірістік алаңдар ұсынылатын болады.








