СОЗАҚ АУДАНЫНДА “ҚЫС – 2025” ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Аудан аумағында қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және кезекші қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында “Қыс – 2025” шұғыл ден қою жасағының оқу-жаттығу дайындығы өтті.
Оқу-жаттығу барысында аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов күштік құрылымдармен бірлесіп, аудан аумағында болуы ықтимал жағдайларға ден қою механизмі талқылады. Жауапты құрылымдардың іс-әрекеті тәжірибе жүзінде тексерілді. Шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жедел медициналық жәрдем, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газ және электр мекемелері, сондай-ақ басқа да сала өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығуда 13 құрылымның дайындығы бағаланып, әрқайсысының төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмі, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның дайындық деңгейі мен қажетті техника және құрал-жабдықтардың жарамдылығы сарапталды.








