ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ КЕЗЕҢ КЕЗЕҢМЕН ШЕШІЛУДЕ

22

Түлкібас ауданы 100 пайыз ауызсумен қамтылған аймақтардың қатарында. Дегенмен кей ауылдарда ауызсу құбырларының ескіруі, судың қысымының төмендеуі секілді мәселелер әлі де бар.

Бұл жағдайларды дер кезінде анықтап, алдын алу мақсатында аудан әкімі Асқар Естібаев және мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауылдарды аралап, ауызсу нысандарын көзбен көріп, атқарылып жатқан және аяқталған жұмыстармен танысуда.

Атап айтқанда, ең алдымен Шақпақ ауылдық округіндегі 114 разъезд елдімекеніне барып, 3 шақырым жерден тартылып жатқан жаңа ауызсу желісінің құрылысымен танысты. Мұнда 44 үй бар. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Ал Рысқұлов ауылдық округіндегі Жаңаталап ауылында былтыр су мұнарасы мен станция толық орнатылғанымен, тұрғындар судың қысымы аз екенін айтып шағымдануда. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, алдағы уақытта су сорғы құралы (насос), қосымша 500 метр құбыр тартылатын болды.

Жыланды ауылында (Тастұмсық округі) ауызсу құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа берілмек. Мұнда 31 құдықша орнатылып, су есептегіш құралдармен қамтылған.

Сондай-ақ, Пістелі ауылында жүргізіліп жатқан су жүйесін жаңғырту жұмыстарын көрді. Мұнда бұлақ көзінен 20 кубтық су сорғы құралы (насос) қойылып, ауылға жаңадан су құбыры тартылуда.

Бұдан бөлек, Көкбұлақ және Балықты ауылындағы су бастау көзі де арнайы бақылаудан өтті.

Сонымен қатар, Састөбе және Даубаба ауылдарындағы ауызсу жүйесінің ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі таңда аудан аумағындағы барлық су көздеріне бейнебақылау орнатылып, су қауіпсіздігі жіті назарға алынған.