ТҮРКІСТАНДА ҚЫСҚЫ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТЕКСЕРІЛДІ

5

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқы кезеңге даярлық аясында коммуналдық ұйымдардың жұмыс базаларын аралап, техникалардың жарақтандырылуы мен қолжетімділігін тексерді.

Шаһар басшысы қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жедел әрекет ету шараларының нақты жоспарын пысықтап, жауапты мекемелердің дайындығын күшейтуді тапсырды.

Қазіргі таңда қала жолдарының жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы – бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін орталық учаскелер. Биылғы жылы асфальт жолдардың көлемі 66,7 пайызға дейін артқан.

Қысқы маусымға дайындық мақсатында «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС, «Түркістан Су» МКК және «SK Geokard» ЖШС мекемелері 12 КДМ және 18 тракторды әзірлеген. Бұдан бөлек, инфрақұрылым, құрылыс және жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ және «Жол қызметі» мекемелері тарапынан 10 жүк тиегіш пен 22 КамАЗ техникасы дайын тұр.

Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жалпы 52 арнайы техника мен 550 жұмысшы жұмылдырылмақ. Қажетті материалдар қоры да жеткілікті, инертті материалдардың 310 тонна құмы және 500 тонна тұзы сақадай сай.

Магистральды көшелерді қардан тазалау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар 31 қосымша көше, 5 саябақ, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағы, Рухани-мәдени орталық және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтар белгіленген кезекпен тазартылады.