ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН АЗАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.
Комиссия отырысында өңірдің әлеуметтік маңызы бар салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзекті мәселелер бойынша жауапты басқарма басшылары баяндама жасады.
Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен оларды төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Байдуәлиев хабарлады. Білім беру саласындағы жағдайды Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова таныстырды. Әлеуметтік саладағы, оның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы тәуекелдер туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М. Қырықбаев баяндады. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы тәуекелдер мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ф. Байдуллаев сөз сөйледі.
Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген автомобиль жолдарының қазіргі жай-күйі мен олардың салыну сапасын бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қ. Жұматаев баяндады. Бұл бағытта жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету, сапаны бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Комиссия отырысында өңірдегі апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің жағдайы, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер де қаралды. Бұл жөнінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Т. Усубалиев баяндама жасап, тұрғын үй қорының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Ал құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы Құрылыс басқармасының басшысы А.Турханов мәлімет берді. Ол мемлекеттік құрылыс жобаларын іске асырудағы ашықтық, сапа және мерзім мәселелеріне тоқталды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша нақты тапсырмалар беріп, алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейтуді, бақылау мен есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Құқық қорғау органдарының басшылары да тиісті ұсыныстар беріп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.








