КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЗАҢСЫЗ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ФАКТІЛЕРІ БОЙЫНША ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП, ЗАҢСЫЗДЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ

5

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Кентау қаласы аумағында соңғы уақытта тіркеліп отырған заңсыз жер қойнауын қазу фактілеріне байланысты кешенді шаралар қабылдануда. Осы мақсатта салалық облыстық Басқарма мамандардың қатысуымен арнайы маркшрейдер маманының топосьемкалық түсірілім жұмыстары басталды.

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – заңсыз қазылған учаскелерді дәл анықтау, олардың нақты көлемін өлшеу, картографиялық деректерге енгізу және келтірілген залалдың алдын ала мөлшерін есептеу. Түсірілім барысында мамандар жер бедеріндегі өзгерістерді, қазылған топырақтың тереңдігі мен көлемін анықтайды.

Зерттеу жұмыстары Кентау қаласы аумағында бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Әрбір нүктеде координаттық өлшеу, топографиялық түсірілім, визуалды сараптама және арнайы құрал-жабдықтар арқылы геодезиялық белгілерді бекіту жұмыстары іске асырылуда. Бұл – заңсыз әрекет масштабының нақты көрінісін анықтауға мүмкіндік береді.

Алынған материалдар толық талданғаннан кейін, барлық дерек қорытындысы жинақталып, белгіленген алгоритмге сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментіне жолданатын болады. Зерттеу нәтижелері құқық қорғау органдарына заң аясында тиісті шара қолдануға негіз болады.

Зерделеу және рейдтік шарасы нәтижесінде қала аумағынан жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан 7 жүк көлігі мен 1 “Погрузчик” ауыр жүк көлігі анықталды. Көліктер айып тұрағына жеткізілді. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру шаралары бастау алды.

Кентау қаласының әкімдігі заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілеріне жол бермеу, табиғи ресурстарды қорғау және жердің экологиялық тепе-теңдігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыратын болады.