ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ ДӘЙЕКТІ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ

Бүгін Шымкенттегі Достық үйінде қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен «Ысырапшылдық – қоғамның дәйекті дамуына кедергі» тақырыбында өңірлік форум өтті.
Қоғамдағы үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және рухани құндылықтарды нығайту жайы талқыланған форумға Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы Аналар кеңесінің төрайымдары, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.
Пленарлық отырысты Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Сүгірбаева жүргізді. Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі А.Әмзеева форумды ашып, бүгінгі басқосудың маңыздылығын атап өтті.
– Ысырапшылдықты арқау еткен жиында айтылатын мазмұнды ой-пікірлер мен байсалды бастамаларды іліп әкетіп, одан әрі насихаттауға ардақты аналар айрықша атсалысады деген ойдамыз. Қоғам болып жұмылсақ, өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтандырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу жолында ілкімді іс тындыруға болады деп сенеміз.
Аналар кеңестерінің салауатты, саналы қоғам қалыптастыру және адал азамат тәрбиелеу жолындағы жұмыстарына табыс тілеймін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Форумда «Энергияны үнемдеу: тұрақты болашаққа апарар жол» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың кафедра меңгерушісі Г.Тұрымбетова, «Ысырыпшылдықтың алдын алу: Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Э.Мырза-Ғали, «Оңтүстік өлкедегі су тапшылығының мәселелері» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың доценті П.Сұлтанбекова, «Ысырапшылдыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Тоққұлова, «Рухани тәрбие және үнемшіл өмір салты» тақырыбында Шымкент қаласы орталық мешіті бас имамының орынбасары, дінтанушы И.Иманқұлұлы, «Жиделі» елді мекені – ішімдіксіз ауыл» тақырыбында Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі О.Тәжібаева, «Үнемшілдік – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ҒСТ жетекшісі, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың департамент директоры Қ.Анарбаев және т.б. азаматтар сөз сөйлеп, ысырапшылдықтың алдын алу жайында ұсыныстарын айтты.
Белсенді қоғамдық қызметімен дараланған аналарға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен республикалық Аналар кеңесінің Алғыс хаты табысталды.
Пленарлық отырыстың қорытындысымен форумға қатысушылар қоғамды үнемшілдікке, жауапты тұтынуға және рухани құндылықтарды сақтауға шақырып, үндеу қабылдады.
Айта кетейік, форум аясында еліміздің оңтүстік өңіріндегі Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері Шымкент қаласындағы «Ибрахим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінде болып, «Арофат» мектебінде өтетін іс-шараға қатысады. Жас буынға сапалы қосымша білім беру бағытында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан №2 Оқушылар сарайын аралап, «Shymkent Creative Hub» орталығында шығармашылық жобалармен және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіндегі «Ғылыми зертхана» кешенінің табысты қызметімен танысады.







