ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТОП ЖАРДЫ

Жақында ғана аяқталған «Almaty Tech Cup» халықаралық технофестивалінде түркістандық жас өнертапқыштар толайым табыстарға қол жеткізді. Түркістан облысы үшін айтулы жеңістерге толы болды. Робототехника, инженерия және жасанды интеллект бағыттарында бақ сынаған өңіріміздің дарынды оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық чемпионаттарға жолдама, беделді марапаттар мен университеттердің білім гранттарын иеленді.
Атап айтқанда, Қазығұрт ауданының «Qazygurt», Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» және «Barni», Сарыағаш ауданының «SilkWayBots», Түркістан қаласының «33Tur Robotics» пен «TurAndroid» командалары халық-аралық чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар бірқатар командалар «FIRST LEGO League» бағдарламасының түрлі аталымдары бойынша арнайы марапаттарға ие болды.
Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» командасының капитаны Сматилла Нұрислам Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің толық білім грантына, Қазығұрт ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Гүлмира Давронбек «Hour of AI» бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университетінің білім грантына ие болды. Сондай-ақ, түркістандық мектеп оқушысы Нұрдәулет Абай «RoboCup Soccer» бағыты бойынша күміс жүлдені жеңіп алды.
Нәтижесінде Түркістан облысының 6 командасы халықаралық чемпионатқа жолдама алып, 2 оқушы толық грант иегері атанды. Осылайша жас өрендер халықаралық деңгейдегі беделді жарыста өңірдің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.








