“КӨКЕ-ЖӘКЕСІ” ЖОҚ ДЕПУТАТ..”

453

Үкілі үміт
Сенімді ақтау үшін сергектік керек
Бүгінгі қоғам жайбасарлықты кешірмейді. Әсіресе, елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамныңі әр қадамы аңдулы десек артық емес. Өйткені ел сенім артқан адамына үлкен үмітпен қарайды. Сол үміттің үдесінен шығып, елдің сенімін ақтасаң, көңілінен шыққан адамын көпшілік жер-көкке сыйғызбай мақтап, жамандық атаулыға жуытпай жүреді. Бұл, әсіресе, қалың елдің қолдауымен депутат болып, өкілетті органның өкілі болған билік басындағыларға қаратып жиі айтылатыны жасырын емес.
Рас, қазіргі қоғамда талап та күшті, сол талап үдесінен шықсам деген талпыныс та жақсы болып тұр. Мұны бүгінгі халық қалаулыларының қарекетіне қарап байқауға болады. Рас, уәдені үйіп-төгіп, жоғарғы-төменгі қос палатадағы жылы орнына жайғасып алған соң ұйқыға кететін кейбір маубас депутатар мен не айтылса да бас шұлғи беретін мақұлбайлар жоқ емес, бірақ депуттардың бәрі сондай маубас, шетінен бәрі мақұлбай десеңіз қателесесіз. Оның ішінде де өздерінің өткір сауалдарымен жауапты басшыларды жерге қаратып, мазасын қашырып жүргендері бар. Парламент сенаты мен мәжілісін айтпағанда, жергілікті мәслихат депутаты болып та қоғамдағы қадау-қадау мәселелерді қозғап, өз сайлаушылары алдындағы уәдесін орындап, үмітін ақтауға әрекеттеніп жүргендері жеткілікті. Соның бірі – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, белгілі журналист Талғат Балтабаев десек, мұнымыз артық айтқандық емес. Өйткені депуттатық мандатқа дейін де Талғат әріптесіміз қоғамда белсенді болып, төртінші биліктің өкілі ретінде үнемі қалың елдің қасынан табылып, өзекті мәселелердің ойтайлы шешілуіне ықпал етіп жүрді. Әділдік пен шындықты ұстанған ол осылайша көпшіліктің жүрегіне жол таба білді. Осы тұста ерекше айта кетуге тиіспіз, жалпы журналистика мен депутаттықтың илегені бір терінің пұшпағы, екеуі де халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүреді десек жарасады. Міне, осы тұрғыдан алғанда Талғат Балтабаев ел ішіндегі өзекті мәселелерді журналист ретінде жақсы біледі, оның шешу жолдарын қарастыру жағына келгенде депутаттық мандатының көп көмегі болатыны да анық. Өзін үнемі сергек сезініп, қаумалаған қалың елдің арасынан табылатын халық қалаулысы, шын мәнінде де, елдің көңілінен шығып жүргенін байқау қиын емес. Жергілікті басылым беттеріне берген сұхбаттары мен телеарналарда көрсетіліп жатқан жұмыстары, әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан игі бастамалары құптарлық-ақ. Сол жазбалар мен көрсетілімдерге көз жүгіртсек, біздің әріптес үнемі көш басынан көрініп келеді. Мысалы, таяуда жарыяланған мына жазбадан-ақ оның қоғам алдындағы белсенділігін байқауға болады. «Жақсыны іштарту қазақтың қанында бар қасиет, — дейді өзінің «Фейсбук» парақшасында ағамыз Ерсұлтан Әмірбек. – Дәл солай Талғат Балтабаевты да көп жұрт іш тартады. Әрі оған тілеулес. Неге? Өйткені, ол-журналистикаға жасынан жалындап келді, жарқырап көрінді. Бүгінде өткір журналистен өжет депутатқа айналды. Тура сөйлеп туғанына жақпайтынның нағыз «сортынан» екенін ел де біледі, «Нұр-Отанның» нағыз «серкесі» Бауыржан Бәйбек те біледі. Себебі, ол жүздесуде Байбексің деп, алдында бас салбыратқан жоқ. Бүкпесіз, ашық сөйледі. Міне, «Болашақты» бітіріп, болашақты ойлаған Байбек үшін де, «Нұр Отанның» беделі үшін де Талғат секілді талантты жігіттер мен табанды депутаттар керек-ақ болды. Міне, мінезді депутат Талғат Балтабаев Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғалы әр-әр жерде дамылсыз кездесу өткізіп, өзімен қанаттас әріптестерімен бірге халқының қасынан табылып жүр. Және жәй «шәй ішіп» жүрген жоқ, елдің базынасын билікке именбей айтып, мәселені бетпе-бет жеткізіп жүр. Оның бұл қасиеті көпке үлгі, әсіресе, қолына қалам ұстаған біз секілді журналист әріптестері үшін зор мақтаныш».
Иә, осылай деген ол Талғат Балтабаевтың депуттық корпустағы беделін де нақты дәлелдермен көрсетіп берді. «Шымкенттегі отыз депутаттың ішінде «ойқастап жүрген» ол, осы белсенділігімен «Нұр-Отан» партиясының «ішкі-рейтингінде» 7-ші орынға тұрақтапты әзірше. Шын қуандым. Оған бір мен ғана емес, Оңтүстік журналистикасының атасы Байдулла Қонысбектен бастап, дүйім журналистер мен оны танитын сайлаушылар бұл нәтижеге шын қуанды десем қателеспеймін. Елге шарапаты мен шапағаты тиіп жүрген тәжірибелі депутат Рашкуль Оспаналиева әпкесінің жақында ғана бір жазбасынан Талғаттың кісілік келбетіне ризалық білдірген ақжарма әпкелік тілегін оқып марқайып қалдым. Біз білетін Талғат осымен «болдым-толдым» деп тасымайтын, әрі жасымайтын жігіт. Ол халқының қасынан табылса, оны қолдап-қуаттайтын елі бар».
Десе дегендей-ақ, Талғат депутаттыққа әлдекімдер сияқты көке-жәкенің ықпалымен емес, өзінің жүйелі жоспарымен, белсенді бастамаларымен келді. Бағыт-бағдары айқын үміткерді халық та бірауыздан қолдады. Яғни, ол басқалар сияқты «халтурщик» емес, нағыз депутат!
Нағыз депутат екендігіне тағы бір дәлел, таяуда ол өзі сайланған округтің мәселесін ойтайлы шешілуіне ықпал еткенін ақпараттық құралдар жарыса жазып жаттыү «Шымкент қаласы мәслихат депутаты Талғат Балтабаев Қайнарбұлақ елді мекеніндегі өзекті мәселенің шешілуіне ықпал етіп, көкейтесті мәселесін арқалап талай есіктің табанын тоздырған тұрғындардың алғысына ие болды» деп жазады Аnyqtimes.kz.
Атап айтсақ, Шымкент қаласы №83 жалпы орта білім беретін мекемесі мектеп қабырғасы қаланған 2008 жылдан бастап жекеменшік су сорғы станциясынан (водокачка) су тартып қолданып келген. Алайда ол судың қуаты тек сыртқы крандарда ғана қолданылып, мектептің ішіне, екінші, үшінші қабаттарына көтерілмейтін. Сол себепті мектеп ішіндегі әжетханалар жылдар бойы іске қосылмаған болатын. Ағымдағы жылдың 17 ақпанында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары «Nur Otan» партиясының мүшелері Талғат Балтабаев, Айжан Ізбасханқызы Қайнарбұлақ елді мекен тұрғындарымен өткен кездесуінде ата-аналар осы жағдайдан хабардар еткен болатын.
Бұл мәселені өз назарына алған Талғат Балтабаев «Су ресурстары – Маркетинг» басшысына хат жолдап, осы мәселенің шұғыл түрде шешілуіне ықпал етті. Қазіргі таңда мектеп қалалық «Водоканал» су жүйесіне қосылып, 1 наурыздан бастап келісімшарт жасалып, мектепте жаңа құбырлар жүргізіліп, толық екі ғимараттың барлық қабаттары (асхана, әжетханалар, дала крандары) сумен қамтылды».
Осылайша өзекті де өткір мәселеге дер кезінде назар аударып, түйткілді түйіннің шешілуіне ықпал етіп жүретін оның бұл әрекетін есімі елге белгілі азаматтар да жоғары бағалайды. «Сенімді ақтау үшін сергектік керек» деп өзі үнемі айтып жүретіндей, біз де әріптесіміздің бұл әрекетіне сүйсеніп, алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп жүре беруіне тілектестік білдіремін.

Ерлан Тажиев, ”Қазақстан жолы” газетінің бас редакторының орынбасары