ЗЕРДЕЛІЛІК ҚАЖЕТ

603

(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)

Ұлылардың өмірдеректерін анықтауда мұқияттылық, зерделілік қажет. «Қазақ совет энциклопедиясы» атақты қазақ композиторы, ақын Біржан Қожағұлұлын 1834 жылы туылып, 1897 жылы қайтыс болғаны туралы мәлімет ұсынып, оқырманды шатастырды. Дұрысы қандай? Ән әлеміміздің сергек жанашыры Есім Байболов пен Біржан салдың үлкен ұлы Теміртастың 1923 жылғы ауызба-ауыз сұхбаты бізді басқаша тұжырымға жетелейді. Осы сұхбатты негізге алған халқымыздың біртуар ұлы Ахмет Жұбанов: «Теміртастың айтуынша Біржан 1894 жылдың көктемінде жазға салым қайтыс болған» деп жазыпты. «Әкем алпыс үштен алпыс төртке қараған шағында өлді, онда сегіз-тоғыз жастағы бала едім» депті Теміртас. Осыған сүйенген көрнекті ақын Кәкімбек Салықов: «Біржан салдың туған жылы – 1831, қайтыс болған жылы – 1894 дегенге тоқтағанды жөн көрдім» дейді. («Біржан сал жайлы толғаныс». «Жұлдыз» жұрналы. №9. 2013 жыл). Дұрысы осы. Өкініштісі – «Ұлттық энциклопедия» да бұрынғы сарынмен композитордың туылған жылын –1834, қайтыс болған жылын – 1897 деп көрсетіпті. Қателігіміздің салдары сазға отырғызып, Біржан Қожағұлұлының 175 жылдығы атаусыз қалды. Ал, Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 120 жыл толуын алдын ала асығыс тойлап жібердік. Әр нәрсе өз лайығымен жүзеге асқаны жөн. «Көн етікке құрым шұлғау» кезеңі өтті. Ғалымдарымыз тәуелсіз елдің тарихына қаяу салмағаны мақұл.

Астыңғы ернімен жер тіреп, үстіңгі ернімен көк көтеріп жүргендер Қажекеңнің Өзбекстанға аууын Қазақстан басшылығына өкпелеумен байланыстырады. Мәселенің мәні тіпті олай емес. Ертеректе дүрмекке ілінген балуанның дығыры мен ығырын шығарған нәрсе – 1917 жылдың күзіне қарай Қазақстанның солтүстігінде құрылған «Үш жүз» партиясына мүшелікке кіруі. Партияның 1918 жылдың қаңтар-наурыз айларында шығып тұрған «Үш жүз» газетінің әр нөмірінің бірінші бетіне «Жасасын Түрік-татар баласы!» деген ұран басылыпты. Ұлы Қазан төңкерісін жақтаушылар бұл партияның идеологиялық ұстанымын пантүрікшілдіктің, панисламшылдықтың, анархизм мен ұсақ буржуазиялық ұлтшылдықтың қойыртпағы ретінде бағалаған. 1918 жылдың сәуірінде қызметін тоқтатқан «Үш жүз» саяси ұйымының әрбір мүшесіне ызғарлы көзқарасын большевиктер арада жиырма жыл өткеннен кейін де жылытпаған. «Алаш» партиясы ардагерлерімен бірге олар да қуғын-сүргінге ұшырады. Ол кезде Қазақстан басшыларының өзі аузынан жалыны шығып тұрған белсенділердің кесірінен атпас таң, шықпас күнге қалған. Сондықтан Қажекеңнің шатпаққа шатылғысы келмей, ешкімді шатпай, шаруасы солға айналмай тұрғанда қаптаған қара өрттей астан-кестеннің қатерінен Ташкентке тура тартуы бірден-бір дұрыс шешім. Өйткені, зобалаңның қарқыны Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанда баяулау басталған.

Кейде мерзімдік баспасөзде балуанды «Алаш» партиясына қаржылай көмек көрсетіп тұрыпты дейтін пікір қылаң беріп қалады. Біз бұған үзілді-кесілді келіспейміз. Өйткені, Қажымұқан мүше болған «Үш жүз» партиясы алаштықтардың тактикасынан алшақ болатын. Олар бір-біріне қарсыласып та бақты. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: ««Үш жүздің» газеті де «Алаш» көсемдерін сөгуден кенде қалған жоқ. Бірақ, «Үш жүз» партиясының адамдарынан дұшпанын жамандап сөгуге «Алаштың» шешендері жүз есе шеберліктерін көрсетті. «Үш жүз» партиясына жазылғандардың дені Омбы қаласының жатақтары, жәмшіктері, кедейлері еді. Мәселен, іштерінде атақты балуан Қажымұқан да бар еді. Қажымұқан жұмыскер, жалшы болатын. Ал, «Алаш» партиясына кіргендер барлық үлкен оқығандары – «ақжағалылары» Қазақстанның сыпалары, төрелері, төре болайын деп жүрген жастары, ылғи гимназиядан тәлім алған «бөбектері», – деп жазды (Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу», 110-111-беттер). Әрмен қарай оқиық: «1917-жылы 19-октябрьде басы Мұқан Әйтпенұлы болып, (балуан Қажымұқан да бар), Шәймерден Әлжанұлы, Әбдірахман Қылышбайұлы болып Омбыдағы «Үш жүз» партиясын жасайтын адамдар жиналады.

«Алаш» көсемдерінің қылықтарын тексеріп, кеңеске салады. «Алаш» көсемдерінің бұқараға зияны болмаса, пайдасының жоқ екенін әбден айқын көрген соң, Омбыдағы «Алаш» партиясының көсемі болып отырған Ақмоланың облыстық қазақ комитетінің басында отырғандарды қууға қаулы қылады.

Үкімет Керенский қолында, үкіметтен жатақтарға, жәмшіктерге, қара жұмыскерлерге қайыр жоқ. Не де болса өздерінің қол күштерін жұмсамақ болады. Бастықтары әлгі айтылған М.Әйтпенұлы, Ш.Әлжанұлы, А.Қылышбайұлы – бәрі Омбы уездік қазақ комитетінің басындағы адамдар. Міне, соларды алдына салып, жүз шамалы жатақ, жәмшік Ақмоланың облыстық комитеті мекемесіне жөнеледі… Балуан Қажымұқанның қолында қызыл ту» делінген романда. Осындағы «Қажымұқанның қолында қызыл ту» дегенді шала-шарпы ұғынған біреулер балуанды большевиктерге тілеулес етуден беті жанбай жүр. Тарих қиянатты ұнатпайды.

«Алаш» партиясы көрнектілерінің қатарында басқа Мұңайтпасов болғаны рас. Ол кісінің есімі Әбдірахман. «Кеңестік биліктің беделін түсіретін идеологиялық әрекеттері үшін» 1931 жылы 24 қыркүйекте тұтқындалған. Екі Мұңайтпасовты бір бірімен шатастырмау керек.

Қажекең Омбыдағы үлкен ұлы Халиолланың үйінен 1937 жылдың екінші жартысында кеткен. Оған себеп НКВД бастығы В.Ежовтың 1937 жылғы 31 шілдедегі «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін шаралар туралы» қаулысы. Сол қаулыны жүзеге асыру үшін Қазақстанда 2,5 мың адамды ату, 5 мың адамды сегіз-он бес жыл аралығына соттау, Өзбекстаннан 1215 адамды ату, 4316 адамды соттау жоспарланыпты. Ақырғы қорытындыда қазақстандықтардың атылғаны – 26116, сотталғаны – 119150, өзбекстандықтардың атылғаны – 5619, сотталғаны 35600 адам (мәліметтер жазушы Момбек Әбдіәкімнің «Түркістан өлкесіндегі ойран» кітабынан («Ел шежіре» баспасы. Алматы, 2016 жыл) алынды.

Қанды шеңгел қара жаудың зұлымдығынан шошынған, қанын торсыққа құйып барған балуанымызды Өзбекстан ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі, СССР Жоғарғы Советі Президиумы председателінің орынбасары Юлдаш Ахунбабаев қайыр-шапағатымен жарылқап, мезгілсіз ажалдың аранынан аман алып қалды. Пейіште нұры шалқысын!

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.