«I-KOLIK»- КЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ЕНДІРІЛДІ

478

Бүгін қала әкімдігінің «Instagram» парақшасындағы тікелей эфирде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов Шымкенттегі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Басқарма басшысының айтуынша, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсету мақсатында автобус бағыттарын онлайн режимінде көруге арналған «I-kolik» қосымшасын қолданушылардың қатары күн санап артып келеді екен. «KazITService» компаниясы жасаған «I-kolik» қосымшасын «PlayMarket» және «App store» арқылы жүктеген қолданушылар саны 170 мыңнан асады.

«Бүгінде қосымшаға 90 пайыз қоғамдық көлік ендірілген. Көліктің қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады. Қала тұрғындары мен қонақтары қосымшаны жүктей отырып, автобустардың жаңарған бағыттары мен қозғалысын бақылай алады. Сонымен бірге бұл қосымша арқылы жұмыс графигі аяқталмай қайтып кететіндерді анықтауға мүмкіндік береді»,-деді Е.Жолдасов.

Қазіргі таңда қалада 13 тасымалдаушы компания жолаушыларға 78 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде 64 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде белгіленіп, жергілікті бюджеттің есебінен субсидияланып отыр.

Эфир барысында 120-дан астам сұрақ келіп түссе, қала халқының дені қоғамдық көлікпен жүретіндіктен сауалдардың басым көпшілігі автобусқа қатысты қойылды. Сала жетекшісі қалада жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық көліктерге реформа жасалғанын, түйткілді мәселелердің рет-ретімен шешілетінін жеткізді.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent?lang=kk