ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ТАРАТУШЫ 4 ОПЕРАТОР БЕКІТІЛДІ ЖӘНЕ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

606

Көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармай босату жөнінде Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекембаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта арнайы брифинг берді.

—Бүгінгі таңда жеңілдетілген бағада жанар-жағармай таратушы 4 оператор анықталды. Ол «Sapaly Munai», «АЗК Алмаз», «Иксан групп» және «Шахат инвест» ЖШС-лер. Дизельді отынның литрі 189 теңге болып бекітілді. Бүгінге дейн 290 тонна арзандатылған жанар-жағармай босатылып үлгерді. Жалпы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 2000 тонна жанар-жағармай бөлінген,- деді Талғат Тойлыбайұлы.

Сонымен бірге спикер өз баяндамасында шаруаларды 30 маусымға дейін жеңілдетілген дизель отынын алу үшін басқармаға тиісті құжаттарын өткізіп үлгеру қажеттігін жеткізді.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғали Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Депутат пен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің жүздесуі «Әл-Фараби» кітапханасында өтті. Жиынға халық қалаулысымен бірге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шалатай Мырзахметов бастаған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты.
Берік Әбдіғалиұлы алдымен жуырда Қазақстан қоғамында болатын саяси оқиға – жалпы халықтық референдумға тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тоқталды. Мәжіліс депутатының пікірінше, Ата заңымызға енгізілгелі тұрған өзгерістер ел дамуына оң әсер етеді. Бұған қоса қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – тіл, оның ішінде қазақ тілінің дамуы туралы сөз қозғалды.

– Ана тіліміз – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің дамуы қазір барлығымызды дерлік ойландырып жүргені рас. Мәселе тілде емес, өзімізде деп едім. Алдымен туған тілімізге деген қарым-қатынасымызды реттеп, сапалы деңгейге көтеруіміз керек. Әр азаматтың бойынша тілге деген құрмет сақталуы тиіс. Тіл, алдымен, өзімізге керек. Сонда ғана ана тіліміздің дамуы жаңа деңгейге көтерілер еді, – деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, Берік Әбдіғали 2021 жылдың қараша айында Түркістан қаласында өткен құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланған еді.
Бүгінгі басқосуда жергілікті тіл жанашырлары да сөз алып, қазақ тілінің дамуы туралы ойларын айтты, өзара пікір алмасты.