АУЛА ЧЕМПИОНДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

691

Қала күніне орай Нұрсәт-2 шағынауданының балалары арасында «Аула чемпиондары» сайысы өтті. Жарысқа 100-ден астам жасөспірім қатысып, асық, баскетбол, турникке тартылу, пенальти және ләңгі тебу сынды ойын түрлерінен бақ сынады.

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қаратау ауданы әкімдігінің бастамасымен өткен жарыс бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға каратэден Токио олимпиадасының қола медаль иегері Д. Асадилов, Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов, аталмыш басқарма басшысының орынбасары Е. Дәрменов қатысып, кәсіби бапкерлер балалардың сайысына төрелік етті.

Балалар Олимпиада жүлдегерінің құттықтау сөзінен серпін алып, чемпионат орындарында белсенділік танытты.

Сайыс соңында Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов бүлдіршідерді жеңісімен құттықтап, жеңімпаздарды арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, «Барлық бала чемпион» қағидасына сай белсенділік танытқан барлық балаға кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар мен балмұздақ үлестірілді. Чемпионаттан соң балалар көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА