Ең көп грант ЕҰУ-да!

306

Ең көп грант ЕҰУ-да – 4 мыңға жуық! Қазір 2022-2023 оқу жылына мемлекеттік грантпен оқуға түскен талапкерлерден құжат қабылдау қызу жүріп жатыр. Олардың ішінде «Алтын белгі»  иегерлері – 521, Халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары – 17, көп балалы отбасы – 155, ҰОС теңестірілгендерге 2, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 20, ал І және ІІ топтағы мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балалар үшін 42. 

Еуразия ұлттық университетін таңдап, құжаттарын тапсырып жатқан талапкерлерге Студенттер Үйі дирекциясының әкімшілері де қызмет көрсетуде. «Бірінші курсқа түскен студенттердің барлығы бірдей жатақханамен қамтамасыз етіледі. Жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге жатақхана бірінші кезекте беріледі»,-дейді Студенттер Үйінің директоры Мерей Шәменов.

Біз қабылдау комиссиясына құжат тапсырып жатқан жастарды әңгімеге тарттық. Cолтүстік Қазақстан облысынан келген Сәбина Тасболат Журналистика және саясаттану факультетін таңдапты. «Мен Ақжар ауылындағы қазақ орта жалпы білім беру мектебін бітірдім. Он бір жыл сонда оқыдым.Ұстаздарыма мың алғыс! ҰБТ-дан 127 балл жинап, ЕҰУ-ға журналистика мамандығы бойынша оқуға түстім, бұл мамандық өзіме қаттыұнайды» дейді ол.

​Өскемендік Назым Тілеужанова тіл әдебиет мамандығын таңдапты. Оған  Нұр-Сұлтан қаласынжақсы білетін ағасы Бауыржан жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп жүр екен. «Іні-қарындастарымның бәрі осы Еуразия ұлттық университетін бітірген» дейді ол. 

Өзін Үрзада, -деп таныстырған ана Қарағандыдан келгенін айтты. Бес баласы да жоғары оқу орнын тәмамдапты. Қуанышы қойнына симаған ардақты ана немересі Айгүлдің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінетүскеніне аса қуанышты. Құжаттарын уақыт оздырмай тапсырғандарына, әсіресе тәртіпті бақылап жүрген ЕҰУ қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмысына дән риза.

-Әлеуметтік желілерде Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланып, содан өз аты-жөнімді көріп мәз болдым. Міне, енді құжаттарымды тапсыруға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келдім,-дейді Аяулым Дүйсенбаева. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы№7 мектепті бітіріпті. Оқушы кезінде ЕҰУ-ға талай келіп, «Жазу тарихы», «Білім тарихы» мұрайжайларын аралап, Сәулет-құрылыс факультеті ұйымдастырған көрменің де куәсі болыпты. -Ұлттық бірыңғай тесттен 113 балл жинадым. ЕҰУ-дың Сәулет және құрылыс факультетін таңдадым. Болашағымды құрылыссаласымен байланыстырғым келеді. ЕҰУ өзіме ұнайды, сондықтанда осында келіп отырмын,- дейді Аяулым. 

Бәрекелді! Қадамдарың құтты болсын!

ARA-ақпарат