ӘЛИ БЕКТАЕВ: «САУРАН АУДАНЫНАН СУ ҚОЙМАСЫН САЛУ КЕРЕК»

241

Түркістан облысында суармалы жерлерді күтіп ұстау мәселесі бүгінде маңызды болып тұр. Сенатор Әли Бектаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауалында өңірдегі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, облыстың Шардара, Арыс және Отырар аудандарында 440 мыңнан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі егіншілік саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, 74 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін олар суды Шардара су қоймасынан 1970 жылдары салынған Қызылқұм магистралды каналы арқылы алады.

«Осы су қоймаларынан тарайтын каналдар мен су жүйелерінің жағдайы өте нашар. Жарты ғасырға жуық үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Қызылқұм магистралды каналының пайдалы әсерінің коэффициенті 0,60-ты ғана құрайды. Жыл сайын су қоймасынан алынатын 950-980 млн текше метр судың, тек 620-630 млн тек метрі ғана егіс алқаптарына жетеді», — деді Ә. Бектаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар депутат жер асты суларының көтерілуіне жол бермеу және топырақты қалыпты жағдайда ұстау үшін аймақта бұрын салынған 302 тік дренаж істен шыққанын немесе мүлдем жоғалып кеткенін айтты. Арыс-Түркістан каналы бойындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайы да Бөген су қоймасындағы су көлемінің төмендеуіне байланысты қанағаттанарлықсыз жағдайда. Атап айтқанда, Сауран ауданының Шаға, Қарашық, Шорнақ ауылдарында фермерлерге қажет су беру тамыз айында толығымен тоқтатылды.

«Өңірдің барлық магистралды каналдары мен суғару жүйелерінің барлығын толық зерттеп, оларды қалпына келтіру, су ағу мүмкіндіктерін арттыру, су шығынын төмендету бағытында нақты жол картасын жасап, алдағы 2-3 жылдың көлемінде күрделі жөндеуден өткізудің мүмкіндігін қарастыру керек. Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруды жақсарту мақсатында сыйымдылығы 3,2 млн текше метр су қоймасын салуды ұсынамыз», — деді сенатор.