ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР «ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ» БАЙҚАУЫНДА «ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР» НОМИНАЦИЯСЫН ИЕЛЕНДІ

238

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Парасатты полицей» байқауына биыл республика бойынша 17 команда қатысып, ең мықтылары І, ІІ, ІІІ орын мен 2 номинацияны бөлісіп алды. Соның ішінде көрермен көңілінен шығып, әділқазылардың жоғары бағасын иеленген «Тұран қалқаны» командасы «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясын қанжығалады.

Бүгін жарыстан жүлделі оралған «Тұран қалқаны» командасын Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қабылдап, арнайы құттықтады. Сондай-ақ марапаттарын табыстап: «Сіздер, біз үшін әрдайым жеңімпазсыздар! Қиын да қауырт жұмыстарыңыздан бөлек, өнерден қалыс қалмай, үздіктер қатарынан табыла білдіңіздер. Ендеше өнерде де, қызмете де қырағы Сіздерге алғыс білдіремін!-деп атап өтті.

Айта кетсек, байқау ҚР Полициясының 30 жылдығы, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мақсатында Ақмола облысының кербез Көкшетау қаласында өтті. Ал «Тұран қалқаны» командасынан қазақ, орыс, шешен ұлтының 5 өнерлі полицейі өнер көрсетті. Бірінші кезеңде ұлты өзге полицейлердің қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетіп, қаражорға биін билеп, қайым айтыс арқылы әзіл-қалжыңды араластыра отырып, өздерін таныстырды.

Екінші кезеңде Қазығұрт ауданында болған өрт кезінде, үй ішінде қалып кеткен апаны құтқарған жетісайлық полицей Аян Хайруллаевтың шынайы оқиғасын сахналады. Өз кезегінде қойылым көрермендер көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

Сондықтан полицейлердің имиджін көтеріп қана қоймай, қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға зор үлесін қосатын бұл байқаудың алар орны ерекше. Ендеше, тек жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер «Тұран қалқаны»!