ТҮРКІСТАН: САПАЛЫ ҒАЛАМТОРМЕН ҚАМТЫЛҒАН АУЫЛДАР САНЫ АРТТЫ

210

Биыл Түркістан облысында 152 ауылдық елді мекенді сапалы интернетпен қамту жоспарланып, оның 51 ауылда жаңа базалық станция іске қосылды. Қалған 101 елді мекен жыл соңына дейін интернетпен қамтылады. Аталған мәселе Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақта ғаламтор мен байланыстың сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

– Ғаламтор және цифрландыру мәселесі өте өзекті. Кейбір аймақтарда ғаламтор сапасы нашар. Оны аудан тұрғындарымен кездесуде ел айтып жатыр. Әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуы тиіс. Жыл соңына дейін жоспардағы 100-ден астам елді мекенді интернетпен қамту жұмыстары толық атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтің айтуынша, Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елді мекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау және анализдеу ақпараты нәтижелері бойынша 642 елді мекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыстың 73,7 пайызы. Онда 441129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.

«250+» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 129 елді мекенде мобильдік интернет сапасы артқан. МЖӘ жобасы аясында 376 елді мекен талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды. 2021 жылы 82 ауылдық елді мекенді интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосты. Қазір осы 82 ауылдық елді-мекен тұрғындары, ол дегеніміз 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдалануда.

Аппарат отырысында биылғы бюджеттің игерілуі мәселесі де сөз болды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаевтың айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіндегі көрсеткіш бойынша облыс бюджетіне түсетін өзіндік кірістер 118,7 млрд. теңге болады деп көзделген. Есепті кезеңдегі орындалуы 100 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсімдер 26,5 млрд. теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 36,1%-ды құрады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бюджетті дұрыс жоспарлап, конкурстарды уақтылы игеру керектігін айтты. Бюджетті өз деңгейінде игере алмаған бірқатар басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерін сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.