Балапан Базар: “ТЕМКЕҢ ТАУЫП БЕРГЕН ТАҚЫРЫП…”

192

Темкең, Темірбек Қожакеев аңыз адам. Көп жылдар КазГУ-дің журналистика факультетін басқарды. Студенттерін түгел білетін, тіпті кетіп бара жатқан шәкірттерін желкесінен танитын.
Қазіргі декандар студенттерін немесе студенттері декандарын дәл Темкеңдей тани қояды деп ойламаймын. Ол енді ұстазымның аңғарымпаздығы, мүмкін, өзі сатира саласын өмір бойы зерттеген соң не қажеттің бәрін бір бойына жинақтады ма екен…
Факультетте Сатира үйірмесі жұмыс жасады. Оған өзі жетекшілік ететін. Жазған-сызғандарымызды оқып, үстінен күзеп, түзеп, бағыт-бағдар беріп отырушы еді.
Бірде алдына барып қалдым. «Кел!»- деді Темкең. «Автограф» берсеңіз дедім. «Мен саған Әбулақап емеспін, бар, қайқай!» деп қуып шықты.
Бұрылып, кабинетінен шығып бара жатыр едім, «Әй, көксоққан, тоқта! -деді көзілдірігін тістелеп тұрып, сосын «сен жазып жүрген баласың, саған беруге болады, әкел»,- деп жібіді.
«Сатира және дәуір» деген ертеректе шыққан кітабын қолына ұстатып жатыр едім, ішінен сопаң етіп сынақ кітапшасы (зачетка) шыға келмесі бар ма?! Зәрем зәр түбіне кетті. «Ақымақты тапқан екенсің!» деп, тағы да айқайға басатын болды ғой деп тұрмын ішімнен. Жоқ, қарқылдап тұрып бір күліп алды да: «Сен автографты зачеткаға қойдырайын дедім де…» деп, тағы да ахахалады.
Мен ақталып әлекпін. «Сен ақталма! Сатира осындайдан туады. Сенде юморлық сезім жетіспей жатыр. Сен осы туралы жаз! Міне саған, тақырып!» деді.
Содан не керек, көңілі түсіп, қолтаңбамен қоса бұрыннан ала алмай жүрген зачетімді де алып шықтым. «Автограф» деген дүние сонда туған еді. Сөз болып қалды ғой, келтіре кетейін:
— Ағай, сізге кеп тұрмын.
— Жай ма?
-«Автограф» берсе деп тұрмын.
Ағайы кітапқа деп түсінді,
Студент зачеткасын ұсынды.
Осы диалогта мен «мұғалім кітапқа деп түсінді» деп жазған болатынмын, кейін алдына барып оқытқанда Темкең «мұғалімнің» белін бір сызып, оны «ағайы» деп түзеткені бар.
Түзету, өзгерту дегеннен шығады. Диплом жұмысыма марқұм фельетонист Нуриден Муфтах рецензент болды. Нұрекең пікірін қолмен жазып берді де, машинкаға бастырып келуге жұмсады.
Күн жексенбі болатын, бүкіл редакциялар жұмыс істемейді. Содан Оспанхан Әубәкіров ағаның үйінде машинка барын білемін, салып ұрып сонда бардым. Өтінішімді екі етпеді, жазылған пікірді машинкаға теріп отырып, бір кезде селкілдеп тұрып күлсін.
«Аға, не болды, айтсаңызшы» деп қоям. Шалқалап тұрып, тағы да күледі. Сөйтсем, «тырысқан» деген сөзге күліп отыр екен. Енді рецензентім «Студент Б.Түкібаев тақырыпты ашуға тырысқан» деген ғой.
Бір қарасам, Ос-ағаң екі қолын жайып жіберіп, саусақтарымен тырысқан адамға пародия жасап тұр…
Не керек, «О, шошқа, ұмтылған десе болады ғой деп, тырысқанды ұмтылғанға өзгертті.
Қайран, ағаларым-ай, жатқан жерлері жәннатта болсын!
Бүгін, 5 мамыр – баяғы Баспасөз күні болған соң баяғы әңгімелер есіме түсіп кеткені…