Білім сапасын арттыру, балаларға қауіпсіз ортада тәлім-тәрбие беру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов әр ауданда білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Өткен аптада Сауран, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласына арнайы барып, білім саласының қызметкерлерімен мәжіліс өткізді.
Солардың бірі Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапарында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлымен алдымен оқушылардың инновациялық жобалары мен авторлық идеялардың көрмесін аралады. Білім беру саласы қызметкерлерімен кезекті кеңейтілген жиында 2025-2026 оқу жылының I және II тоқсандарында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, білім сапасын арттыру, сондай-ақ білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жан-жақты қаралды. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және білім саласындағы заңнама нормаларының сақталуын қамтамасыз ету ескертілді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүйелі жұмысты үйлестірудің маңыздылығы түсіндірілді.
Алқалы жиында білім басқармасының әр ауданға жауапты бас мамандары өзекті мәселерді баяндап, басқармаға қарасты облыстық орталық басшылары өз бағыттарына қарай сыни жағдайларды ашық айтты.
Ғалымжан Қалдыкөзұлы әр көрсеткіш бойынша төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында білім саласы қызметкерлері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді. Түркістан облысы білім басқармасы алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыруды басты басымдық ретінде айқындап, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізілмек. Бұл бастама алдағы апта басқа аудандағы әріптестермен де жалғасады