ШЫМКЕНТТІҢ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

15
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен жұмыс жиынында қаланың жылу беру маусымына дайындығы қаралды.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков берген мәліметке сәйкес, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1945 көпқабатты тұрғын үйлердің 98 пайызы жылыту маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде дайындық жұмыстары қазан айына дейін толық аяқталады.
Әлеуметтік нысандардың дайындығы 99 пайызға жетті. Оларға қажетті 4,7 мың тонна көмір, 980 тонна сұйық отын толық тасымалданған.
Орталықтандырылған жылу қазандығына қосылмаған елдімекен тұрғындары жылыту маусымында 77,6 мың тонна көмірді қажет етеді. Қазіргі уақытта қоймада 62 мың тонна көмір бар. Қоймалардағы көмір қоры қатты отын қажеттілігінің 80 пайызын қамтиды.
Басқарма басшысы инфрақұрылымдық жүйелердің де дайындығын жекелей баяндады. «3-Энергоорталық» АҚ-ның негізгі және қосалқы қондырғыларының қысқы маусымға дайындығы 96%-ды құрайды. 12 қазандық пен 17 сорғы станцияларының дайындығы 100 пайыздық көрсткішке жеткен.
Жиын барысында қала әкімі жылу маусымына дайындық жұмыстарын тиянақты зерделеуге 10 қазанға дейін уақыт бар екендігін айтып, кемшіліктер болса тез арада реттеуді тапсырды. Жылдағы дәстүр бойынша 100 пайыздық дайындық жөнінде есеп беріліп, көп ұзамай кемшіліктер анықталар болса жауапты азаматтарға шара көрілетінін атап өтті. Бірде бір жылу қазандығы істен шықпауы керектігін назарға алды. Денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының дайындығын ерекше бақылауды ұстауды жүктеді. Балабақша тәрбиеленушілерінің, оның ішінде жекеменшік балабақшаларға баратын балалар денсаулығы күтімін қадағалауды тапсырды.
Қысқы маусымда көшелер мен аяқжолдарды қардан тазалау бойынша жүйелі жұмыстар болуы керектігін айтқан қала басшысы, тұрғындар мен балалар үшін таңғы мезгілде қардан тазаланған көшелерде жүретіндей мүмкіндіктер жасалуы тиіс деді. Бұл бағытта қар жауған күндері 2-3 сағат ішінде қала көшелерінің 70 пайызы қардан тазартылуы керек деген нормативті ұстануды жүктеді. Көшелерді тазалауға жұмылдырылған техника әр ауданның елді мекендеріне тиесілі болып, бір ауданның техникасы сол ауданның елді мекендеріне қызмет көрсетуі керектігін ескертті. «Жүктелген міндеттерді тез әрі сапалы орындауы үшін тазалық компаниялары қысқы маусымда жетіспейтін техникаларын үшінші тараптан уақытша жалдау алгоритімі қазірден дайын болуы керек. Көктайғақта жол бетіне себілетін инертті материалдар електен өткізілуі тиіс, құм арасындағы қиыршық тас автокөліктерге зақым келтірмеуі тиіс»,- деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жиыды қорытындылаған шаһар басшысы сала жетекшілеріне берілген тапсырмалар бойынша нақты жұмыстар атқаруды жүктеп, бұл мәселелер жақын күндері тағы да пысықталатынын айтты.