ОТЫРАРДА ЗАМАНАУИ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс ұжымын және аудан тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екенін атап өтті.
– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Бүгін іске қосылып отырған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – осы бағыттағы ірі әрі маңызды жоба. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктестік қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, жоғары өнімділікке қол жеткізді. Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті. Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынуда. Жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Бұл – аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтиже. Біздің негізгі мақсатымыз – Отырар ауданында толыққанды мақта кластерін қалыптастыру, шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығару. Осындай жобалар өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайта түсетініне сенімдімін,
– деді Нұралхан Көшеров.

«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Суй Дже облыс әкімдігінің қолдауы мен сеніміне алғысын білдіріп, жұмысты одан әрі жандандыра түсетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту міндетін қойды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыста ауқымды шаралар атқарылуда. Аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Бір орталық арқылы 32 мың гектар жер бақыланып, суару жүйесі бір пультпен басқарылады.
Айта кетейік, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Серіктестік 2025 жылы Отырар ауданы аумағында 23 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егіп, әр гектардан орта есеппен 50-60 центнерден өнім алды. Жоба аясындағы ең ауқымды бағыттардың бірі – екі бірдей мақта өңдеу зауытының құрылысын жүргізу және олардың өндірістік қуатын қалыптастыру. Зауыттардың жылдық жалпы қуаттылығы 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жиналған шикізат көлемі 120 мың тонна шитті мақта болса, оның ішінде алынған таза мақта көлемі 30 мың тоннаны құрады.
Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпал етіп отыр.









