СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЖАҢҒЫРТУ — КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ

182

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі су ресурсын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды.

«Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ», — деп біздің көршілес елдердің өзендеріне тәуелді екенімізді жасырмай айтты. Мәселен, Оңтүстік өңірлер түгелдей Қырғызстаннан келетін ағын суға тәуелді болып отырмыз. Биылғы жылы Жамбыл облысының қызылшашылары Қырғызстандағы судың аздығынан өте қатты қиындық көрді. Бұған Түркістан облысының диқандарын да қосуға болады. Қазіргі таңда Мақтарал, Шардара, Жетісай аудандарының диқандары да Өзбекстанның суына тәуелді. Сондықтан, біз алдағы жылдары көршілеріміздің қас-қабағына қарамастан өзіміздің ішкі ресурстарымызды барынша тиімді пайдалануды жүзеге асыруымыз керек.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 15 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», — дейді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл шаруашылық егістік жері көлемін ұлғайту мақсатында Түркістан облысы аумағында тоғыз су қоймасын салу жоспарланып отыр. «Қазсушар» РМК-ның ТФ Түркістан өндірістік бөлімшесінің қарауындағы «Сасық бұлақ», «Шерт», «Ақтөбе» су қоймаларының мүмкіндігін сараптаудан өткіздік. «Сасық бұлақ» су қоймасының салынғанына сексен жылдан асқан екен.

«Сасық бұлақ» су қоймасы 1942-ші жылы пайдалануға берілген. Жер көлемі-120 гектар, сыйымдылығы-4.36 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі-4,21 млн.м³ болса, су қоймада қалатын су көлемі-0,149 млн.м³ құрап отыр. Ол жалпы көлемі 913 гектар жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 370 гектар болса, шартты түрде суармалы болып саналатыны 543 гектар. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер электр және қол күшімен ашылып-жабылады. «Сасық бұлақ» су қоймасында тәулік бойы күзет қызметкерлері арқылы қадағалануда. Стратегиялық нысан болғандықтан бейне бақылау енгізілген, дабыл қаққыш қондырғысы орнатылған. Қойма байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Су қоймасының төменгі жағында Үлгілі елді мекені орналасқан. «Сасық бұлақ» су қоймасына 2014 жылы 307,112 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Шерт» су қоймасының ғасырлық ғұмыры бар деуге болады. «Шерт» су қоймасы 1927-ші жылы құрылып, пайдалануға берілген. Көлемі-95 гектар, сыйымдылығы-2.30 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі-2,29 млн.м³ болса, су қоймада қалатын су көлемі-0,008 млн.м³ құрайды. Су қашыртқысы бар, су шығару қабілеті-5,0 м³/сек. 620 гектар жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 146 гектар болса, шартты түрде суармалы болып саналатыны 474 гектар. Су қоймасы байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер электр және қол күшімен ашылып-жабылады.

Қазіргі таңда Түркістан өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері арқылы су қоймасы кезекшілікпен күзетіледі. Бейне бақылау енгізілген. Су қойманың төменгі жағында елді мекен жоқ. Шерт су қоймасына 2014 жылы 272,130 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ақтөбе су қоймасы 1988-ші жылы пайдалануға берілген, жер көлемі — 130 га, сыйымдылығы — 6,11 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі — 5,87 млн.м³, су қоймада қалатын су көлемі — 0,23 млн.м³, 880 га жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 235 га, шартты түрде суармалы болып саналатыны 645 гектар. Су қоймасы байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Су қоймада дабыл қаққыш қондырғысы орнатылған. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер қол күшімен ашылып-жабылады. Түркістан өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері арқылы кезекшілікпен күзетіледі. Су қойманың төменгі жағында Абай елді мекені орналасқан.

Ақтөбе су қоймасына 2009-2010-шы жылдары Республикалық бюджеттен 169 миллион теңгеге қойманың астынан шығып жатқан ыза суды (фильтрация) азайту үшін, су қойманың алдыңғы жағалауындағы төменгі ұлтанына 8-10 метр тереңдікте саз топырақ төселіп және су қашыртқысына қайта қалпына келтіру жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, қазіргі таңға су қоймадан шығатын ыза су (фильтрация) азаймай тұр. Жөндеуден кейін ыза су азайып, қазір қайта көбеюде. Мұны су мамандарымен ақылдаса отырып, су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі байқалып тұр.

Мемлекет басшысының «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», — деуінің өзі бұл саладағы тәртіпсіздіктердің белең алып отырғандығын көрсетеді.

Қазақта «Тарта жесең тай қалады» деген тәмсіл бар. Өзіміздегі көктемгі тасқын кезіндегі қанша ағын сулар далаға кетіп жатыр. Оның сыртында жер асты суларын барынша тиімді пайдаланудың озық технологиялары өндіріске енгізілмеген. Қазіргі таңда дамыған елдердің барлығы да сапалы ауыз суды пайдалануды барынша реттеп, тарифтік ақысын жоғары қойып отыр. Еліміздің көп өңірлерінде су өлшегіш құралдары санда бар да, сапада жоқ. Себебі, арзанқол су есептегіш құралдары тез істен шығады. Су саласындағы күрделеніп кеткен ахуалды жедел қалпына келтіру мақсатында Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігін құрып, ол іске кірісіп те кетті.

Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК-ның ТФ Түркістан өндірістік бөлімшесі Ескі Иқан ауыл округіндегі «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының 2-кезеңі аясында енген ішкі суландыру жүйесінің 18- канал және 190- 3-4-ші санаттағы каналдар,18 коллектор желісі,72 тік дренажды ұнғымаларды бүгінгі таңда Бүкіләлемдік даму банкісінің қаржыландыруы есебінен Ариана ЖШС Иран мемлекетінің құрылыс фирмасы бетондау,техникалық тазалау,ТДҰ-ларын бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол арқылы ішкі суландыру жүйелері жаңа технологиялық үдеріске көшіріліп, су өлшеуіш құрал-жабдықтар орнатылып, суды барынша үнемді пайдалануға қол жеткізе аламыз.

«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын, — деп түйіндеді Президент.

Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовті қабылдады. Кездесу барысында Президент су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Орталық Азия елдерімен өзара іс-әрекетті жолға қою маңызды екенін атап өтті. Министрлікке су шаруашылығы инфрақұрылымдарын кең көлемде жаңғырту, суды есептеу және бөлу жүйесін цифрландыру міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімсіз пайдалануға және гидротехникалық нысандар-дың әбден тозуына қатысты мәселе-лерді шешу үшін жаңа Су кодексін уақтылы қабылдау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру және министрлікке қарасты ұйымдарды трансформациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Мемлекет басшысының елімізді сапалы ауыз сумен және диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету жөніндегі салиқалы саясаты мен батыл қадамдары сала мамандары мен егіншілердің екінші тынысын ашуға ықпал етіп, жаңа істерге серпін береді.