КЕЛЕС: БІРТІЛЕКТЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНАДЫ
Келес ауданының Біртілек ауылдық округінде 300 орындық екі мектеп және мәдениет сарайы салынады. Салынатын мектептің бірі мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асса, тағы бірін жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жүргізбек. Сонымен қатар ауылдық округі орталығынан 200 орындық мәдениет сарайының құрылысы жоспарға енгізіліп, тиісті қаражаты бөлінуде. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Біртілек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.
Тұрғындар сұранысы негізінде биыл Біртілек ауылдық округінде ұзындығы 9,6 шақырымды құрайтын 5 көшеге асфальт жабындысы төселсе, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 3 көшеге шағал тас төселуде. Сонымен қатар Амангелді елді мекенінде ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын жол жиегіне аяқ жол істеледі. Жоспарлы жұмыстардың тізбесіне Керегетас елді мекенінде ұзындығы 1,1 шақырымға аяқ жол құрылысы түнгі жарық шамдарымен қатар іске асырылуы кірген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады.
«Біз жергілікті әкімдіктердің жанынан құралған қоғамдастық кеңестің мүшелелері ұсынған жұмыстарды іске асыруға күшті жұмылдырудамыз. Атап айтқанда сұранысқа сай мектеп, дәрігерлік амбулатория, жол құрылысы сынды жұмыстарды осы өздеріңіздің араларыңыздан таңдалған ауыл билері, төбе билерінің ортақ шешіміне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биылғы жұмыстар тікелей осы азаматтардың ұсынысы негізінде іске асты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады» — деді аудан басшысы А.Есбаев.
Кездесу барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1-қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауын тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Жолдауда айтылған реформалардың нақты 5 бағдарын айшықтап берді. Басты стратегиялық құжатты іске асыруға барлық мемлекеттік органдар жұмылатынын мәлімдеп, мемлекет саясатын іске асыру жолында бір кісідей ат салысу керектігін атап өтті.