«HR-PROCESS» ЖОБАСЫ: АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛ

275

Шымкентте 2020 жылы педагогтарды жұмысқа қабылдайтын цифрландыру жүйесі іске қосылған болатын. Бұл – республикада алғаш рет Шымкентте қолға алынған HR-Process жобасы. Биыл тамыз айында бағдарлама арқылы қаладағы барлық мектептен 362 бос жұмыс орнына конкурс жарияланып, оған 905 өтінім келіп түскен. Оның 201-і комиссияның оң қорытындысына ие болған. Қазіргі таңда осы жоба арқылы мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Біз HR-Process жобасымен арнайы танысып қайттық.

Компьютер таңдайды

Алдымен мамандар жоба арқылы ұстаздарды жұмысқа қабылдау ережесімен таныстырды. Олардың айтуынша, мұғалім болуға үміткерлер арнайы жүйеге кіріп, өзінің мамандығы бойынша жұмыс іздейді. Табылған жағдайда өтінім береді. Компьютер кімді таңдайды, сол адамның біліктілігін бағалау жүйесіне өткізеді. Тіпті, сынақта үміткерлердің білімін де компьютер саралап береді. Жүйедегі биылғы жылдың жаңалығы да осы болып тұр. Бұрын үміткер өтінім бергеннен кейін әңгімелесу үшін комиссия алдына келетін. Төрт маманнан тұратын комиссия мүшелері үміткерге білім, психологиялық, логикалық сұрақтар қойып, біліктілігін анықтайтын. Берген жауабына қарай комиссия балл қойып, ең жоғары ұпай жинаған үміткер мектепке мұғалім болып жолданатын. Биыл тамыз айынан бастап, әңгімелесу орнына онлайн түрде өзін-өзі бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Бұл тәсіл ҚР Білім министрлігінің №57 бұйрығына сәйкес жаңаша жүзеге асырылуда.

– Өткен жылғы конкурстың екінші сатысында үміткер комиссия алдына әңгімелесуге келетін еді. Биыл тамыз айынан бастап комиссия өкілдері үміткермен әңгімелеспейді, тек компьютердің бағалауын растайды. Комиссия құрамында үміткер жұмысқа жолданғалы тұрған мектептің директоры, білім басқармасының өкілі, әдістемелік орталықтың маманы, қоғамдық ұйым заңгері және пән мұғалімі болады. Комиссия бағалау жүйесін растап болған соң, автоматты түрде байқаудың хаттамасы шығады,

— дейді қалалық білім басқармасы жанындағы әдістемелік орталық директорының орынбасары Кенжегүл Сағындықова.

Бір орынға 28 үміткер

Онлайн байқауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында YouTube желісі арқылы тікелей түсірілім жүргізіледі. Біз комиссияның кезекті отырысына қатысып, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесінің қалай жүзеге асырылып жатқанын бақыладық. Бұл жолы мамандар қаладағы №29 мектепке ағылшын тілі пәні мұғаліміне үміткердің нәтижесін растады. Бос орынға 28 үміткер құжатын жүктепті. Компьютер анықтаған нәтижеге сәйкес, ең жоғары 27,5 ұпай жинаған маман қабылданды. Кейінгі жоғары ұпай жинаған 19 үміткер мектептің
1 жылдық резервіне алынды. Сонымен қоса, №136 мектепке де ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қажет екен. Сайыста 20 үміткердің арасынан 11 ұпай жинаған маман жұмысқа қабылданды. Қалған 12 үміткер мектеп резервіне алынды.

–Бүгінгі байқауда жоғары ұпай жинаған мұғалімді танымасам да, нәтижесін көріп қуанып отырмын. Біліктілігі жоғары, бұрын директордың орынбасары қызметін атқарған, қоғамдық жұмыстарда белсенді екен. Барлығын автоматтандырылған ақпараттық жүйе таңдап берді, біз тек растадық,- дейді №29 мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжан Тәліпбаева.

Әңгімелесуді жолға қою керек

Бірнеше жыл бұрын мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасу ең өзекті мәселенің бірі болатын. Цифрландыру жүйесі іске қосылғанға дейін тұрғындар «делдал қызметін» атқарып жүрген беймәлім адамдарға алданып қалған жағдайлар көп кездесті. «Hr-Process» жүйесі іске қосылғаннан кейін жоғары оқу орынын енді тәмамдаған жалынды жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндікке айналды. Осы цифрлық жүйе туралы ақпарат құралдары арқылы естіп, құжатын тапсырған жас маман Арман Қасқыр 2 жылдан бері қаладағы №88 мектепте математика пәнінен сабақ беріп отыр. Қысқа мерзімде шәкірттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жүлделі орындардан көрініп, мектеп ұжымы мен ата-аналар алдында абыройлы ұстаздардың біріне айналды.

–2018 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, бір жылдан астам уақыт Бәйдібек ауданындағы мектептің бірінде математика пәнінен сабақ бердім. Отбасылық жағдайыма байланысты 2020 жылы Шымкент қаласына қоныс аудардым. Сол жылдың тамыз айында «Hr-Process» жүйесі туралы ақпарат құралдарынан естіп, осы порталдан өз мамандығым бойынша жұмыс іздей бастадым. №88 мектепке математика пәнінің мұғалімі керек екен. Жариялаған бос орынға өтінім бердім. Конкурстың алғашқы сатысынан өтіп, екінші кезеңде комиссиямен әңгімелесуге жіберді. Комиссияда менен бөлек 12 маман үміткер ретінде қатысты. Олардың арасынан 57 ұпаймен озық шығып, 2020 жылдың 10 қыркүйегінен бастап математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа жолдандым, — дейді жас маман.

Жас маман жүйедегі биылғы жаңа тәртіп үміткерлердің бойындағы білімі мен біліктілігін толық айқындай алмайтынын айтады. Оның сөзінше, жоғары оқу орнын енді тәмәмдаған, еңбек өтілі жоқ түлектер қаншалықты білімді болса да, еңбек өтілі бар мұғалімдердің тәжірибесі басым.

–Биыл жүйеде үлкен өзгеріс орын алыпты. Бұл цифрландыру бағдарламасы бойынша үлкен жетістік болғанымен, жас мамандар үшін тиімді емес. Сұхбат арқылы үміткердің білімі, логикалық ойлауы анықталады. Мәселен, 2020 жылы комиссиямен әңгімелесу барысында мамандар маған формулалар мен олардың түсіндірілуі, ақпараттық технологиялардың қолданылуы туралы сұрақтар қойған болатын. Барлығына мүдірмей жауап бердім. Ал, онлайн байқауда компьютер үміткердің мүмкіндіктерін анықтай алмайды. Өйткені, дипломды енді қолға алған түлекте не еңбек өтілі, не біліктілік санаты жоқ. Салдарынан жас маман қаншалықты жалындаған, білімді болмасын, еңбек өтілі бар бәсекелесінің алдында жинаған балы төмен келеді, — дейді А.Қасқыр.

 

Кадр іріктеу барысында компьютер үміткерлердің білімінен бөлек, психологиясын саралай алмайды. Мұндай пікірді «Hr-Process» жүйесі арқылы үміткерлердің бағалау қорытындысын растап отырған комиссия өкілдері де алға тартуда.

–Жүйедегі жаңа бағыт жариялылықты қамтамасыз етіп, жемқорлықтың жолын кескенімен, үміткерлердің агрессияға төзімділігін анықтап бере алмайды, — дейді Шымкент қаласындағы «Білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі заңгері Ұлжан Маймақова. Заңгердің сөзінше, конкурста үшінші бағыт ретінде үміткермен әңгімелесуді қосу керек.

–Байқаудың жаңа тәсілінде де әңгімелесу бар. Ең жоғары ұпайды екі бірдей үміткер иеленсе, комиссия екеуін де әңгімелесуге шақырады. Тәжірибемізде осындай оқиғалар да орын алды. Үміткерлерге өзінің пәні туралы сұрақтар қойылды. Соңғы қорытындыны жұмысқа жолданатын мектеп директоры шығарады. Білім саласы болғандықтан міндетті түрде әңгімелесуді жолға қою керек деп есептеймін. Әрине, мұғалімдерді жұмысқа орналастыру байқауында біз ең үлкен жетістікке, яғни ашықтыққа қол жеткізіп отырмыз. Үміткер бірінші кезекте бос орынға өтінім береді, өзін-өзі бағалау сынағы үшін бүкіл құжатын жүктесе, үшінші сатысында әңгімелесу жүргізілуі қажет. Баламен қарым-қатынас орнатқанда оның агрессияға қаншалықты төзімді екенін анықтау үшін комиссия үміткермен әңгімелесуі керек, — дейді Ұ.Маймақова.

Көш жүре түзеледі

Ұлжан Ғаппарқызының айтуынша, үміткерлер жүйеге құжат жүктейтін кезде қателік жіберіп, байқау қорытындысына наразылғын білдірген жағдайлар да болған екен. Маман мұндай жағдайды цифрлық сауаттылықтың төмендігімен байланыстырады.

– Үміткердің «HR-Process» бағдарламасына жүктеген құжаттарды тексеру барысында заңның сақталуын бақылап отырамын. Көп жағдайда кейбір үміткерлер компьютер қорытындысымен келіспей жатады. «Менің жұмыс өтілім көп, біліктілігім жоғары болса да, техника дұрыс анықтай алмады» деген пікірлерді естіп қаламыз. Үміткерлердің құжатын дұрыс жүктемегені осындай түсініспеушілікке алып келуде. Мәселен, еңбек кітапшасын жүктейтін жерге кітапшаның сыртқы мұқабасын көрсетеді. Ал, жүйенің тәртібі бойынша еңбек кітапшаның ішіндегі қашан, қай жерде жұмыс істегені туралы мәліметтер қаралады. Салдарынан, жұмыс тәжірибесі есептелмей, өзге үміткерлерден балы төмен болады. Үміткерлердің цифрлық сауаттылығының төмендігінен осындай жағдайлар орын алуда. «Көш жүре түзеледі» демекші, бұл да уақыт өте реттеледі деп үміттенеміз, — дейді заңгер.

Айта өтсек, осы жылдың тамыз айында бағдарлама арқылы қаладағы барлық мектептен 362 бос жұмыс орны жарияланып, оған 905 өтінім келіп түскен. Оның 201 комиссияның оң қорытындысына ие болған. Ал, қыркүйек айында 184 бос орынға 1076 үміткер өтінім білдіріпті. Комиссия қорытындысы бойынша тек 75-і мектептерге жолданған екен.

 

«Шымкент келбеті»