ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ

325

Адам – қоғам айнасы. Ал айнадағы бейненің өз болмысына сай болуы ұстазға байланысты. «Ұстаз –  ұлт айнасы» дегеннің сыры да осында. Білім алуға бет алған баланың өмірінде санасына сәуле шашатын ұстаздың рөлі қашанда зор. Себебі ұстаздық ету шағын мемлекет саналатын  отбасындағы әрбір баланың үлкен өмірге барар қанатын қатайтып, жігерін жандырады. Зейінін ашып, талабын шыңдайды.

Шығармашылық шабытын оятып, талант кемесінің қайырылмауына жол салады. Нағыз ұстазға тән мұндай қасиеттің бәрі өне бойынан табылатын білікті маманның бірі Шымкент қаласындағы №130 жалпы орта мектебінің директоры Нұрлан Мырзатаев десек асыра мақтау емес.
Көпті артынан ерте алатын білікті басшы 1972 жылы сол кездегі Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы), Созақ ауданы, Тасты ауылында өмірге келген. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезінде-ақ қырық жыл білім саласында абыройлы еңбек еткен әке жолын қуып, ұстаздық етуді мақсат етті. Асқаралы арманын нық қадаммен іске асыру үшін Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді.
Алғаш еңбек жолын 1992 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Майбұлақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Одан кейінгі жылдар бедерінде «Мұрагер» институтында аға оқытушы, М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Түркітану» ғылыми зерттеу орталығында түркітанушы маман, бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Жауапкершілігі зор қызметтерді абыройлы атқарған білікті ұстаз 2007-2012 жылдары Шымкенттегі №51 жалпы орта мектепте, 2012-2016 жылдары Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияда директор болған. Өз саласында тәжірибесі әбден толысқан ұлағатты ұстаз 2016 жылы Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалады. 2017 жылдан бүгінге дейін Шымкенттегі №130 жалпы орта мектебінде директор болып жұмыс істеп келеді.
Өмір жолында өскелең ұрпаққа үлгі болар белестерді бағындырып жүрген Нұрлан Бахадүрұлы өз жұмысын тиянақты жүргізіп қана қоймай, ізденімпаздығымен құрметке лайық. Оның 5 оқу әдістемелік құрал, 70-тен аса ғылыми-әдістемелік еңбек жазғаны соның жарқын мысалы. Бірнеше рет халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама оқыды. Мамандығына деген құрметін сөзбен емес, нақты, нәтижелі еңбекпен көрсетіп жүргені үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Одан өзге аудандық, қалалық, облыстық білім басқармаларының, түрлі деңгейдегі мәслихаттың Алғыс хаттарын алған.
Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруді мақсат еткен Нұрлан Бахадүрұлы өз әріптестерінің арасында зор беделге ие. Мұндай мерейге өзінің еңбекқорлығы, білімділігінің арқасында қол жеткізген. Басшы ретінде жоғары ұйымдастырушылық қабілетін ізгі істерге пайдалана білетін ол тек оқушылар мен мұғалімдердің ғана емес, ұрпақ тәрбиесін ұстын еткен ұстаз ретінде ата-аналардың да көңіл төрінен орын алған. Азаматтығына сын түсірмейтін Н.Мырзатаев талапшылдығымен, көшбасшылық қабілетімен де мойындалған.
Ұрпақ тәрбиесі жолында ұлы міндеттерді абыройлы орындап жүрген Нұрлан Бахадүрұлы біз үшін тек ұстаздар күнінде емес, әрдайым зор құрметке ие. Сөз соңында біз адамзаттың дамуына себепші болған барлық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі жақсылықтар тілейміз.

Эльмира және Эльвира Абдрасиловалар,
№130 жалпы орта мектебінің 11 сынып
оқушылары