«БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»: МАМАНДЫҚ ТАҢДАУҒА БАҒДАРШАМ

258

Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» шаһардағы білім беру ұйымдарының жоғарғы сынып оқушыларына өндіріс орындарына экскурсия ұйымдастыруды қолға алған. «Болашаққа қадам» деп аталатын жобаның негізгі мақсаты – бітіруші түлектерге мамандық таңдауға бағдар беру. Бұл жолғы экскурсия «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «Әлем БТ» шұлық фабрикасында жалғасты.

Оқушыларға жұмыс барысын, ондағы тынымсыз шұлық тоқитын тігін автоматтары туралы фабриканың іс басқарушысы Исмайл Жанполат таныстырды. Қызықты экскурсияда балаларға әр цехтың шеберлері жұмыс процестері мен сол жердегі мамандардың еңбегі туралы айтып берді.
Оқушыларды шұлықты тоқитын автоматтандырылған тігін машиналары қатты қызықтырды. Шұлық өндірісі бірнеше кезеңдерден тұрады екен. Алғашқы цехта жіптер қажетті түске боялады. Екінші бөлімде 246 автомат машина шұлықты тоқыса, келесі этапта тігін машинасы шұлықтың саусақ тұсын тігеді. Мамандар кәдімгі қол машинасы секілді шұлықты жабдықтың тігіс тігетін тұсына туралап, ұстап отыруы қажет. Тігілген өнімнің пішіні дәл түсуі үшін үтіктеледі. Мұнда тұрмыстағы киімдерге қолданылатын үтікпен емес, арнайы техниканың көмегімен іске асырылады. Үтіктелген өнім тағы да кептіргіш жабдықтың көмегімен кептіріледі. Міне, өнім дайын. Енді оны қаптап-орау жұмыстары қалды. Яғни, өнімге марка таңбалары жабыстырылады. Затбелгіде шұлықтың қазақстандық өнім екенін айқындайтын «отандық өнім» белгісі де бар.
Өндіріс орнында әрлер, әйелдер және балалар шұлығының қыстық және жаздық түрлері тоқылады. Ал, дизайны жағынан мыңнан астам шұлықты табуға болады.

–Жақында 9 сынып оқушыларынан қай салаға бейім екенін анықтайтын тест алдық. Нәтижесінде балалардың ІТ саласына қызығушылығы басым екені белгілі болды. Мектебіміз робототехника, ІТ саласына бағытталғандықтан солай болуы да қалыпты жағдай. Біздің зерттеуде өндіріс, оның ішінде тоқыма бұйымдар өндірісіне қызығушылық өте аз еді. Атап айтқанда, екі пайызды құраған болатын. Бүгінгі зауыттағы шұлық өндірісі алаңдарында серуендеу балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Олар елімізде, оның ішінде өз қаламызда осындай фабрика барын, өндірілген шұлықтардың көбі шет елдерге экспортталатынын көріп таң қалды. Бүгінгі экскурсиядан кейін оқушылардың өндіріс саласына деген көзқарасы өзгерді деп үміттенемін. Осы оқушылардың арасынан кәсіпорынның болашақ технологтары мен дизайнерлері де шығып қалуы ғажап емес. «Болашаққа қадам» жобасы шын мәнінде оқушылардың өндіріс саласы туралы түсінігіне алғашқы қадам болды. Мұндай жоба алдағы уақытта жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді, — дейді №9 ІТ лицейінің кәсіп бағдар бойынша жетекшісі Гүлмира Карамырзаева.

«Әлем БТ» шұлық фабрикасы – отандық нарықты толық қамтамасыз етуден бөлек, шетелге өнімдерін экспорттап жатқан Шымкенттегі ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 24 миллион жұп өнім шығаруға қауқарлы. Мұндай мәліметке қаныққан оқушылар таңданысын жасыра алмады. №9 ІТ лицейінің 9-сынып оқушысы Ұлжан Ержігіт экскурсия естен кетпестей әсер қалдырды дейді.

– Шымкент қаласында осындай шұлық тоқитын фабрика орналасқанын енді білдім. Бұл жерде шұлықтың түр-түрін автомат машиналар тігіп жатыр. Олардың дизайны мен суреттері де компьютерде қалай жасалатынын көзбен көрдік. Бұрын киіп жүрген шұлығымыз қайда өндірілгеніне қызықпаған едім. Осы экскурсиядан кейін міндетті түрде тек отандық шұлықтарды киюге бел будым,- дейді Ұлжан Ержігіт.

Фабрикада бір жұп шұлық 2 минутта тоқылады. Мұның барлығы заманауи технологияның көмегімен жүзеге асады. 7 жыл бұрын іске қосылған фабрикадағы барлық жабдық Оңтүстік Кореядан әкелінген. Басшылық техникаларды іске қосу үшін корейлік мамандардың қызметіне жүгінсе, бүгінде өндіріс әлеуетін көтеру үшін Түркия мамандарының тәжірибесін қолданып отыр. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласының маманы Исмайл Жанполат фабрикада іс басқарушы ретінде жергілікті жұмысшылармен тәжірибесін бөлісуде.

–Көбіне «Әлем БТ» шұлықтарына Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея және Еуропа мемлекеттері қызығушылық танытып, тапсырыс береді. Қыс мезгілінде киетін шұлықтардың партиясын тамыз айында бастап жібердік. Тапсырыс берушілерден жаңа жылға арналған, қыстың көрінісін суреттейтін шұлықтарға ұсыныс түскен. Ол үшін дизайнерлер компьютер арқылы өрнектің орналасу тәртібін жасап шықса, технолог-мамандар өнімнің құрамын белгілеп береді. Фабрикада тоқылған шұлықтар табиғи мақта талшығынан тоқылғандықтан жылы, ыңғайлы, әрі бағасы да қолжетімді. Алайда, бір қызығы біздің өнімдер Қазақстан нарығы үшін өте арзан болғанымен жергілікті тұрғындар Қытай мен Өзбекстан өнімін тұтынады екен, -дейді И.Жанполат.

Иә, маман айтқандай елімізде табиғи мақта талшығынан жасалған шұлық өндірісі жолға қойылғанымен құлашын кеңге жая алмай отыр. Мүмкін қарапайым халық арасында ақпараттың аз болғанының әсері ме екен. Десек те, оқушыларды мамандыққа бағыттайтын «Болашаққа қадам» жобасының қатысушылары бұдан былай тек отандық шұлықты тұтынамыз деп отыр. Әрине, осындай таныстырылым балаларды кәсіпке баулуға серпін берсе, екінші жағынан отандық өнімдерді тұтынушылардың саны артуына жол ашады.

–Осы фабрикады 7 жылдан бері жұмыс істеймін. Біз үтіктеуден шыққан шұлықтарды жұптап, затбелгі тігетін бөлімге жеткіземіз, — дейді қаптау-орау бөлімінің жұмысшысы Лазокат Камарова. –Біздің бөлімде әр жұмысшы күніне 3-6 мыңға дейін шұлықты жұптайды. Жұмысымыз ауыр емес. Еңбек ақымыз да тұрақты. Таңертең жұмысқа арнайы көлікпен әкеліп, кешке үйімізге жеткізіп салады. Түскі ас қаралған. Бір айта кетерлігі, жылдан жылға қатарымыз жастармен толығып жатыр. Қазіргі жастар үйреткенді лезде қабылдап, жұмысқа тез бейімделеді. Өзім осы шұлық фабрикасында жұмыс істегендіктен отбасыммен түгел өзіміздің өнімді қолданамыз. Туған-туыстарға да «Әлем БТ» шұлықтарын киіңіздер деп кеңес беріп отырамын, — дейді Л.Камарова.

Оқушылармен фабриканы аралау барысында барлық өндіріс бөлімдердегі жұмысшылардың көбі қыз-келіншектер екенін байқадық. Өндіріс бөлімінің басшысы Нұрдәулет Ырысбековтың айтуынша, бүгінде фабрикаға «Тоқыма өндірісі» мамандығы бойынша кәсіптік орта және жоғары білімі бар мамандар көптеп келіп жатыр екен.

–Фабрикамызда өндірістік тәжірибеден өткен студенттер оқу орнын аяқтаған соң жұмысқа келеді. Қазір жастардың дені өндіріс саласына бет бұрғаны қуантарлық жағдай. Технология дамыған сайын шұлықтың дизайнына деген сұраныс артып келеді. Мәселен, біздің өндірістегі өнімдердің көбі тапсырыс берушінің ұсынысымен жүзеге асады. Тапсырыс берушілер түрлі пішіндегі шұлықтарын ұсынған сәтте, технологтар мен дизайнерлердің жұмысы көбейеді. Шұлықтың әр құрылымының өлшемі, оған салынатын суретіне дейін компьютердің көмегімен жасалады. Қазір жұмысқа қабылданып жастардың көбі өз ісінің маманы болғандықтан тапсырысты қысқа мерзімде игеріп жатыр. Оқушыларға осындай экскурсияны жиі ұйымдастырып отырса, болашақта елімізде өндіріс саласында білікті мамандар көбейетін еді,- дейді өндіріс бөлімінің басшысы

.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қыркүйек айында 10 білім ұясының оқушыарын қала аумағында орналасқан түрлі кәсіпорындарға экскурция ұйымдастыруды жоспарлаған. Белгіленген кесте бойынша оқушылар «SAGITEX» көпсалалы тігін фабрикасы, «Назар текстиль» мен «Бал текстиль» кілем фабрикасы, «Әлем БТ» шұлық өндірісі және «AZALA COTTON» секілді ірі кәсіпорындарды аралады.

«Шымкент келбеті»